КЕСЕНЕНІҢ ҚАҚПА-ЕСІГІНДЕГІ ЖАЗУЛАР

Н.Төреқұлов атындағы № 8 жалпы орта мектебінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводы Ардақ Бейсенова тарихи, танымды дәріс жүргізді. «Кесененің қақпа- есігіндегі жазулар» тақырыбындағы дәріске мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерді сан қырлы құпия тарихилығымен өзіне еріксіз тартатын XIV ғасырға тән жәдігер жайлы мол мағлұматтар алды.

Қазандық бөлмесінің қақпа — есігі 3,7×2,1метрді құрайды. Ондағы жазулар көлденеңінен үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөліктегі төрт бұрышты екі картуштың бетінде екі қатар араб жазуы бар. Бірінші қатардағы жазудың әріптерінің ұзындығы 10 см, жуандығы 3 мм, гүлденген куфи тазйини қолтаңбасымен ойылып жазылған. Екінші қатардағы жазу сульс қолтаңбасымен ойылып жазылған. Әріптердің ұштары барынша ұзартылып картуштың ішін тұтас алып тұр. Қақпа- есіктің жікжапқышының орта белдеуінде сульс қолтаңбасымен жазылған сөздер бар. Қақпа есіктің орта бөлігінде есікті қағуға арналған екі қола алқа мен тақташалары орналасқан. Бұл алқалар мен тақташаларда жиектеле ойылып жазылған, алтынмен апталып, күміспен күптелген парсы, араб тіліндегі насхи қолтаңбасымен жазылған жазу бар. Есіктің ішкі жағында сегіз жапырақты көп бұрышты өрнектің ішіндегі шаршыларға сыйғызылған төрт картушта геометрияланған куфи қолтаңбасымен құттықтау сөзі жазылған. Бұл күнде қақпа- есіктің орнына көшірме есік орнатылған. Көшірме есіктегі жазулар толық енгізілмеген және ою-өрнектер де түпнұсқаға толық сәйкес келмейді. Қосалқы бөлшектер тұтас берілмеген.

КЕСЕНЕ КАҚПА- ЕСІГІНІҢ ЖОҒАРҒЫ ҚАТАРЫНДАҒЫ ЖАЗУЛАР

Қазақ тіліндегі аудармасы: Барлық жағдайда да Алла Тағалаға мадақ ( болсын )!..Барлық жағдайда да Алла Тағалаға шүкіршілік (болсын)!

КЕСЕНЕ ҚАҚПА- ЕСІГІНІҢ ЕКІНШІ ҚАТАРЫНДАҒЫ ЖАЗУЛАР

Қазақ тіліндегі аудармасы: Әулиелердің есігі- бақыттың кені, әулиелерді жақсы көру — бақыттың кілті.

ҚАҚПА- ЕСІК ЖІҚЖАПҚЫШЫНЫҢ БЕЛДЕУІНДЕГІ ЖАЗУ
Қазақ тіліндегі аудармасы:
Астанаңдағы (қасиетті табалдырығыңдағы )
қызметші дәулетті болғай!

ҚОЛА ТОҚПАҚШАЛАРДЫҢ ЖОҒАРҒЫ ЖАҒЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ХАДИС
Қазақ тіліндегі аудармасы: Пайғамбар айтты, ол кісіге сәлем болсын: «Дүние өткінші,сен дүниеде(Аллаға)бағынып өт».

ҚОЛА ТОҚПАҚШАЛАРДАҒЫ ЖАЗУЛАР.
Қазақ тіліндегі аудармасы:
Біздің мақсат артта өрнек қалдырмақ,
Жаратылыстың баяны жоқ аңғарсақ.
Жүрегі бар асыл адам кез болса,
Дұға етсін біз бейшара сұраншақ.

Жеті жүз тоқсан тоғызыншы (1396-97)жылы,
Құдайдан ғана үмітті, міскін құл’Изз ад- дин ибнТадж ад-дин ал- Исаги жасады. Бұл есік қуаныш үшін, әрқашан құтты болсын, достарға ашық және дұшпанға жабық болсын.

КЕСЕНЕНІҢ ҚАҚПА-ЕСІГІ.ІШКІ ЖАҒЫ.ӨРНЕК ІШІНДЕГІ ЖАЗУ.
Қазақ тіліндегі аудармасы:
Құтты болсын!

Алдыңғы ақпарат

«Аңыздан туған ақиқат» ғылыми-әдістемелік экспедициясы өз жұмысын бастады

Келесі ақпарат

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ 2019 ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР