«Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жоба басталды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ өнердің баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқадағы «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаны бастады.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова хабарлады.

«Қазіргі карантин жағдайына қарамастан өнерімен ел аузында жүрген әртістеріміз тыңдарманнан алыстамай, өз өнерлерін Live форматында ұсынады. Кеш барысында тыңдармандар әлеуметтік желілер арқылы өнер жұлдыздарымен тікелей сұхбаттасып, ой-пікірлерін білдіре алады»,-деді А.Рахметоллақызы.

Сонымен бірге Мәдениет және спорт министрлігі әлемді жайлаған коронавирус індетіне қарсы ел азаматтарын жігерлендіру мақсатында бірнеше тың жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік  #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан #Teamkz #uidemiz #Alaman #StayHome #óneronline сынды салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жобалар іске асырып жатыр. Танымал спортшылар мен өнерпаздардың қатысуымен өтетін тікелей эфирдегі сергектік сыйлайтын таңғы жаттығуларға шақырамыз. Сондай — ақ, кез келген адам танымал тұлғалардың қатысуымен болатын танымдық-ағартушылық онлайн дәрістер мен кездесулерге қатыса алады»,-деді Министр.

Айта кетейік, өнер сүйер қауым, енді күн сайын фольклорлық, эстрадалық, классикалық және аспаптық бағыттағы Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Ғаділбек Жанай, «Тұран» тобы сияқты өнер жұлдыздарының онлайн-концертін осы уақытта көре алады.

Алдыңғы ақпарат

Қазақстандық туристердің елге оралуы мәселесіне арналған баспасөз жиыны өтті

Келесі ақпарат

Кітапхана бөлмесі