КӨЗЕШІНІҢ ТОЛЫҚ ҚҰРАМДАҒЫ ШЕҢБЕРІ

Орта Азияда көзеші құралдарын б.з.д. ІІІ мыңжылдықтарда пайдалана бастаған. Көзеші құралындағы ыдыс сазбалшық бөлшегінен ұстаның қолмен немесе аяқпен іске қосатын айналма шарығының үстінде жасалады. Үздіксіз қозғалыста болатын мұндай құралдардың артықшылығы ыдысты жылдам, бір текті етіп жасау және мыңдаған бір формадағы ыдыстарды көптеп шығаруға мүмкіндігі барлығында.

Бұл музей қорындағы көзешінің толық айналма жұмыс (гончарный круг) құралы VІІІ ғ. тән. Өлшемі: һ-11 см. d. жоғарғы-13,5 см. d. төменгі-22,5 см. тең. 2004 ж. Ерте ортағасырлық Сидақ қаласында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде табылған. Сидақ қаласы Түркістан қаласынан батысқа қарай жиырма шақырым жерде орналасқан. Құрал үш бөліктен тұрады. Ең төменгі бөлігі іші ойық келген, таба тәрізденген, қозғалмайтын негізгі ойығы жартысына дейін ірі дәнді әкпен толтырылған, бұл әрекет айналма құралдың негізгі астыңғы бөлігінің жұмыс барысында қозғалып кетпей орнықты, мығым орналасуы үшін жасалған. Бұл негізгі жұмысты атқаратын үстіңгі екі дискінің астыңғысы қозғалмайды және оның жоғарғы бетінің ортасында конус тәрізді, ұшы дөңгеленіп келген томпақ шошағы бар ал, ең үстіңгі айналатын дискінің астыңғы жағында тап осы конусқа киілетін көлемі сондай кратер тәрізді ойығы бар. Астыңғы дискінің шошағы мен үстіңгісінің ойығына май жағып айналдырып отырып көзеші жұмысын атқаратын болған. Көзешінің айналмалы құралдары әр түрлі құрылымда  болған, олар қолмен және аяқпен айналдыратын жеңіл де ауыр түрлерге  бөлінген. Бұл айналма құралдың ең жеңіл, қолмен айналдыратын түрі деп  есептеледі. Үстіңгі екі дөңгелек бөліктерінің орындарын ауыстырып та  жұмыс істеуге болады, яғни ойығы барын қозғалмайтын етіп астына қойып,  ойығына май құйып, үстіне шошағы бар дискіні төмен қарата орнатсаңыз да  жұмыс істей береді. Айта кетуіміз керек бұған дейінгі жүргізілген қазбалар  барысынан мұндай толық құрамды көзеші құралы табылмаған.

Егеубаева Әшіркүл, қор бөлімінің қызметкері

Алдыңғы ақпарат

Көне Түркістан қаласы (XIV-XIX ғғ.)

Келесі ақпарат

МАҚАМ СӨЗІНІҢ МӘНІ