«Бустан ул-мухиббиннің» (Алланы сүюшілердің бақшасы) кіріспесінен үзінді.

Бисмилләһ ир-Рахман ир-Рахим!
Өзіңе ғана сүйенеміз, Я Карим!
Жақсы еске алу әуелі Ол Ұлық Тәрбиешіге лайық. Оның зікірі жүректі нұрға толтырып, адамды мас қылады, құлшылыққа қуат беріп, күнәні жуады. Тілімен Алланың зікірін айтқанда, әркімнің көңілінде Аллаға деген шауық болса – ол ең бақытты пенде. Ұлылар айтады: «Әркім бұл дүниеде Хақтың кәламімен рахат тапса, ертең бейіште Хақтың сәлемімен ләззат табады» дейді. Ұлылар мінәжат еткенде былай дейді: «Тәңірім! Бұл дүниеде маған не нәрселер нәсіп қылған болсаң, кәпірлерге бергін. Әрнәрсе ақыретте нәсіп қылған болсаң, момындарға бергін. Маған бұл жаһанда зікірің жетеді, о дүниеде дидарың мен сәлемің жетеді». …
Әр жерде дәруіш болса Маулә Ғаззә уә Жалләнің зауқы мен шауқы оның көңілінде қатты құштарлықпен жарқырап, нұр шашып тұрады. Хазіреті Пайғамбарымызға Алланың мейірі мен сәлемін жолдаса – Хақ Тағала оларды барша халайықтан бөлек және айрықша етіп, Мұхаммет Мұстафа (с.ғ.с.) ат қойып, карам опаның (мызғымас сенімнің) кені қылып, шыншылдық пен тазалықтың қазынасы етіп, қағидасын жомартық пен сақилық қылып, қанын кіршіксіз таза қылып, дүние және ақыреттің зейнеті қылды. Тағы сол сияқты үй-ішіне, сахабаларына рахмат жолдаса, олардың әр біреуі Хақ жолын бастауда жұлдыздай жарқырап жол көрсетеді. Бірақ Құдай Тағалаға мақтау мен Мұстафа с.ғ.с.-ға сәлемнен кейін, белгілі болсын, кейбір достар бір нұсқа болса, онда Хаққа барар жол баян болса деп арзу қылады. …
Бұл әмір шәріпке әлсіз болсақ та, Хақ Тағаланың мейірі мен рахматынан үміт қылып, сопылардың момындарға жанашырлығы күнә еместігі жүзінен Хақ Тағаланың ризасы үшін қабыл қылдық. …
Бұл нұсқа достардың талаптарына сай және барлығының мақсатына лайықты болар деген үмітпен, қолдары жетуіне Хақ Тағала жәрдем етсін дей отырып бұл нұсқаға «Бустан ул-Мухиббин» (Алланы сүюшілердің бақшасы) деген ат қойдық.
Біліңдер, ей, достар! Хаққа барар жолда қауіп-қатер кедергілер бар. Оларды білмек лазым. Өйткені олар – торушы. Шайху әл-имам Шәһабуддин Әс-Суһрауарди өзінің «Иршад» деген кітабында: «Хақ пенен пенденің арасында перде көп» дейді. Осы кітаптың шархында (түсіндірмесінде) Имам Әбу Бәкір әл-Касаниден (р.һ.) нақыл келтіріп айтады: «Шындықта құл мен Хақтың арасында нұр мен қараңғылықтан болған мың мақам бар». Кейбірі жетпіс дейді, кейбірі жүз дейді, кейбірі мың дейді, кейбірі жетпіс мың, төрт жүз мың хал дейді. Бұлар тәкаппарлық пен жүректің қатайуына соқтырады. Бұл халдер Хаққа жетудің, танудың қайғысының кемуінің және Хаққа назар салуының әлсіреуінің белгісі. Үмітсіз пенделерге бұл себеп болады. «Фәтауа Әл-Қутта» :«Бұл саяздықтың баршасы – мағрифатқа надандықтан, бұл надандық – ғафылдықтан, ғафылдық – дүниеге ынтықтықтан, дүниеге ынтық болу – әуейлік пен әуестіктің күштілігінен, әуейлік – нәпсінің қуаттылығынан, нәпсінің қуаттылығы – Құдайға деген сенімнің әлсіз болғандығынан болады. Сенімнің әлсіздігі – жүректі қалың перде қаптағаннан және Хақтан алыс болғандықтан болады. Перде мен Хақтан алыстық – тәкапарлық пен жүректің қаттылығынан. Жүректтің қаттылығы – күнәға бой алдырғаннан.
Хақтан алыстық пен үмітсіздіктің себептері көп. Оның негізгі себебі – кісі айыптарын көріп, өз айыбын байқамайды. Және өз айыбын айтпайды, өзгелердің айыбын паш етеді. Нәпсісінен есеп алмайды. Мәселен кеш батқаннан кейін өзіне «Ей, надан! Бүгін өміріңді қандай тағатпенен өткердің», күндіз болса «Ей, надан! Бұл түн өміріңді қандай тағатпенен өткіздің» деп нәпсіге ескертіп, нәпсіні тергеуге алса. Одан есеп алып, өзіңді ақырет есебіне дайындамайынша, бір күн, бір түнде адамзат жиырма төрт мың мәрте нәпсіге ереді. Осы дүниеде нәпсіңді тергеп, оны бақылауға алулықпен өткізу керек. Бұлай болмаса, бір күн-түніміз үшін жиырма төрт мың сұрақ астында қалып, жауапқа тартыламыз. Ер ол дүр: ғафылдықтан шығып, сақтықпен ақыретке барады. Кейбіреулер уақытын тиімді пайдалана білмесе, өмірлерін ғафылдықпен өткеріп, зая қылады. Дүниеде ғафыл болғандар ақыретте қасіретке ұшырайтынын білмейді. Жүрегі қатты болғандардың орны ақыретте Дир деген тозақ. Алла Тағала: «Жүрегі қаттыларға Уайл деген шұңқыр болсын» (39:22), – дейді. Бұл – талас-тартысқа анық дәлел. Али карамаллаһу уажһаһу: «Ғафылдық – күпірліктің бір мақамы» дейді. Сол себептен тариқат ұлылары: «Момынның хазір болуы – кәпірдің ғафыл болуы» дейді. Әзірет Әлі (разы болсын Алла тағала одан тағы да): «Жүрек егер қататын болса жасаған күнәсіне қайғырмайы» дейді. Бұл «Жамиғ ул-ғулум» деген кітаптан алынды.
Алдыңғы ақпарат

Шелек ХVIII-ХIХ ғғ.

Келесі ақпарат

«Бустан ул-мухиббиннің» (Алланы сүюшілердің бақшасы) кіріспесінен үзінді.