ЕСІМ ХАН ШЫҒАЙ ҰЛЫ

Есім хан – 1598–1628 жылдары Қазақ хандығында билікте болған Шыңғыс әулетінің өкілі. Шығай ханның баласы. Есім ханның әкесі Шығайдың 1580–1582 жылдары хан болғаны баршаға мәлім. Қадырғали Жалайыридың Шығай хан туралы дерегінен оның бүкіл ғұмыры күреспен өткенін, жауларымен алысып-арпалысып, айбатымен қашырғанын, ерлігімен жақынының мерейін тасытқанын, сөйтіп бүкіл елге батырлығымен танымал болғандығын көреміз. Есім хан – Шығай ханның он екі ұлының бірі, Сейітқұл сұлтаннан, Ондан сұлтаннан және Тәуекел ханнан кейінгі төртінші ұлы. Анасы шағатайлық Яқшым бике (Жақсы бике болуы да мүмкін). Тәуекел хан екеуі бір анадан туған (Қадырғали Жалайыр, 1997: 122–123). Оның толық есімі – Есмұхаммед (Ишмұхаммед), бірақ жазба дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетіндегі материалдарда, сондай-ақ тарихи әдебиеттерде Ишим, Ашим, Есим, Есім түрінде кездеседі. Есім ханның нақты қай жылы дүниеге келгені белгісіз, бірақ оны шамалап айтуға болады. Қадырғали Жалайыр дерегіндегі Оразмұхаммедке қатысты «Сегіз жасында атасы Шығай ханнан айырылды.…Он үш жасында өз әкесі Ондан сұлтан шахит болды.…Он алты жасында бүкіл христиан падишахы Борис Федоровичке қызмет істеуге дайын болды» деген мәліметтерден Есім ханның ағасы Ондан сұлтанның 1555 жылы туып, 1585 жылы қаза тапқанын білгеннен кейін, інісі Есім ханды шамамен 1560 жыл шамасында дүниеге келген деп есептейміз. Деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады. Атақты Тәуке хан – Жәңгір ханның ұлы, Есім ханның немересі болып келеді. 1598 жылғы Орта Азиядағы оқиғаларды және соған байланысты Қазақ хандығының жүргізген саясатын баяндайтын деректерде Есім сұлтанның есімі алғаш рет нақты кездесе бастайды. Бұл кезде Есім сұлтан ағасы Тәуекел ханнан кейінгі ең беделді, ең атақты сұлтандардың бірі болатын. Оны жазба деректер де дәлелдейді. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мәуреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген. Т.И. Сұлтанов Есім ханды 1598 жылдың күзінде хан тағына отырды дей келе, Тәуекел ханнан кейінгі қазақ сұлтандары ішінде ең лайықтысы Есім сұлтан болатын деген пікір айтады (Султанов, 2000: 212). Тәуекел хан қайтыс болып, Есім хан таққа келгеннен кейінгі ең алғашқы жүзеге асырған шарасы Мәуреннахрға қатысты түйінді мәселені шешіп, оны ретке келтіру болатын. Искандер Мунши ол жөнінде былай деп жазады: «Біршама уақыт өткеннен кейін Нахшбендилік шейхтердің араласуымен Ташкенттегі қазақ билеушісі мен ортаазиялық билеушілер арасында бейбітшілік орнатылып, Самарқан әскерлері Ташкентке қарсы ешқандай әрекет жасамайды деген келісімге келеді» (Вельяминов-Зернов, 1864: 352). Бұл дегеніміз – Қазақ хандығының аумағына Түркістан мен Ташкент аймақтарының қосылуын Мәуреннахр билеушілерінің заңды түрде мойындағанын білдіреді. М.Қ.Әбусейітованың пікірінше, бұл келісім-шарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосады (Абусеитова, 1985: 93). Ел билігін қолға алған Есім хан Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығының құрамына қосты. Түркістанды қазақ хандығының астанасы ету түбегейлі Еңсегей бойлы Ер Есім тұсында жүзеге асқаны, Түркістанның қазақ хандарының ордасына айналғандығы «Исатай- Махамбет» дастанында былай жырланады: Шыңғыстың тағы құрылған. Түркістанда ту тігіп, Атаң бір қазақ мекендеп, Хандары сонда тұрылған (Шөреков, 1926: 66). Яғни, «Есім ханнан бастап Қазақ елінің астанасы нақтыланып, бұрынғы Ясы қаласы Түркістан деген атауға ие болады. Есім хан салған осы жол бойынша Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы міндетін бірнеше ғасыр бойы атқарады» (Кәрібаев, 2010: 18). Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі» жазбасындағы «…Мен қазақ ішіне кеттім, Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді» (Әбілғазы Баһадүр, 1992: 189), – деген жолдар ойымызды нақтылай түседі. Осыдан бастап Түркістан қазақтың жиырма бір ханына астана ретінде қызмет атқарады. XVII ғасырдың басында Ташкент билеушісі Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісті жағдайда болды. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1627 жылы Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан өз қолына алады. Есім хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім хан 1598–1628 жылдар аралығында 30 жыл бойы ел тізгінін қолына ұстап, оның бірлігі мен тұтастығы үшін күрескен. Оның билігінің алғашқы жылдары қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы аяқталады. Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкеннен кейін өзінің Ордасы орналасқан Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында өз ажалынан қайтыс болады. Оның денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына қойылып, қабірінің басына кішігірім кесене тұрғызылды. Есім ханның ағасы Ондан сұлтанды есептемегенде, Есім ханнан бастап қазақтың барлық ресми хандары, сондай-ақ қарапайым халықтан шығып, өз заманында саяси, әскери, рухани, мәдени көсем бола білген тұлғалар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерленеді де, қаланың ролі мен маңызын, қасиеті мен құдіретін одан әрі арттырады.

Алдыңғы ақпарат

СҮЙІНІШ-ҚОЖА ХАН ӘБІЛХАЙЫР ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ЖӘНІБЕК ХАН ЕСІМ ҰЛЫ