Әділдігімен танылған Ханнәби Серкеұлы жайлы дәріс жүргізілді

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы №24 жалпы орта мектебінде «Кесенеде жерленген даңқты тұлға — Ханнәби Серкеұлы» жайлы дәріс жүргізілді.

Атақты Абылай ханның сенімді серігі Серке батырдың ұлы Ханнәби жайлы танымдық дәрісті қорық-музейдің экскурсоводтары Ардақ Бейсенова мен Гаухар Жүзбаева жүргізді.

Тарих тұлғасы жайлы қызықты деректер мен танымды ақпараттарын бар ынтасымен тыңдаған оқушылар, дәріс аясында сауалдар қойып, пікір алмасты.

«Біраз жыл Түркістан қаласының датқасы қызметін атқарып, әділдігімен, шешендігімен елге танылған Ханнәби Серкеұлы Әзірет Сұлтанның қамқоршысы болған.
Ол Бұхарада көп жыл дін оқуын оқып, ілім үйренген. Бұхара патшасы Ханнәби Серкеұлын билікке шақырып, халыққа көрсеткен адал еңбегі үшін тархан атағын берген екен. Ташкенттің күшбегі торында қамалып жатқан Кенесары мен Ағыбай батырды құтқарған осы Ханнәби тархан бабамыз. «Иқан шайқасында Сыздық төре орыс-казакты қуғанда, таңның атысынан түннің батысына дейін намаз оқып, жаудың бетін дұғамен қайтарған»,-дейді халық. Қариялардың айтуынша, Ханнәби Серкеұлы тірі кезінде әулие атанған екен.Бұл кісінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған дейді.Ол туралы ел ішінде небір қызықты әңгімелер мен оның өсиет сөздері кеңінен таралған»,- деді Ардақ Бейсенова.

Ханнәби Серкеұлы қартайған шағында билікті өзінен кейінгі халық сенімін ақтайды деген адамдарға өткізіп, Сарыарқаға қоныс аударған. Арқа өңіріндегі қалың елге Қожа Ахмет Ясауи ілімін, имандылық , адалдық жолын дәріптеп, «Диуани Хикмет» арқылы ел ішіне ағартушылық жұмыстарын кеңінен жүргізеді.
-«Ханнәби Серкеұлы 1878 жылы 110 жасында Балқаш көлінің бойындағы Тасарал деген жерде дүние салады. Ұрпақтары денесін Түркістанға жеткізеді.Сүйекті әкелген Арқаның игі- жақсылары жүз жылқы сойып, ас беріп, Қожа Ахмет кесенесіне жерлейді.Кейін Кенесары ханның баласы Сыздық төре, бауырлары Ақжолтай Ағыбай, Әйеке болыс басына Самарқаннан әкелген көктасты орнатады. Бір ерекшелігі тастың жоғары жағында сегіз бұрышты кесе бар. Ел арасында «Зияратшылар сол кесеге су құйып ішсе тілектері орындалады» деген аңыз бар»,- дейді Гаухар Жүзбаева.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Музей түні» шарасы ерекше форматта өтті

Келесі ақпарат

Дүйсен бидің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі жайлы деректер