БОЛАТ ХАН ӘБІЛМӘМБЕТ ҰЛЫ

XVIII ғасырдың соңындағы қазақ хандарының бірі. Болат Əбілмәмбет ханның үлкен ұлы, Болат ханның немересі, Тәуке ханның шөбересі. Жәдік ханнан тарайтын қазақтың хандар әулетіне жатады. Болаттың туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Болат хан болмай тұрып Орта жүздегі арғынның қуандық руын сұлтан лауазымында басқарды. Әкесі Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін арғын мен қоңырат билері хан етіп сайлап, Түркістан қаласына орнығады. Түркістан қаласы мен оның айналасындағы отырықшы елдімекендерге, Сауранға, Сығанаққа және сол айналада көшіп жүрген көшпелілерге Сәмеке хан ұлы Есім ханмен қатар билік етті (Ерофеева, 2001: 119). Әкесі қайтыс болғаннан кейін тақ мұрагері ретінде шамамен 1771–1798 жылдар арасында Түркістан мен оның айналасына билік жүргізді. 1798 жылы Ташкент билеушісі Жүнісқожаның Оңтүстік Қазақстан аймағын өзіне бағындыруына орай Болат ханның Түркістан қаласы мен оның айналасындағы отырықшы елдімекендерге жүргізген билігі тоқтады (История Казахстана в русских источниках, 2005: 161). Тарихи деректерде Абылай ханға қырғыздармен соғысы кезінде қолдау көрсетеді (История Казахстана в русских источниках, 2005: 140). Оның қоғамдық-саяси өмірдегі дипломатиялық қызметі туралы Қытайға елші жібергенін Әбілпейіздің хатынан білуге болады. Онда «Боғда Ежен ханмен жүздескелі Жошы гун бара жатыр. Өзімен қоса Болат ханның елшісін де алып бара жатыр» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері, 2006: 118) делінеді. Ал, XVIII ғасырдың 80-жылдарына қарай Болат хан Абылай ханның ұлы Әділ сұлтанмен бірге Ұлы жүздің сарыүйсін руына билік жүргізді. Оның билігі Қаратаудың солтүстік бөлігіне, Талас пен Шу аңғарына, Сырдарияның орта ағысына жүрді. Жаз жайлауы Торғай өзенінің жоғары бөлігі, Телікөл айналасы, Сарысу аңғарлары болды. Тарихи деректерде есімі Булат, Полад, Полат, Пулад, Пулат (Ерофеева, 2001: 82) үлгілерінде кездеседі.

Алдыңғы ақпарат

ЕСІМ ХАН СӘМЕКЕ ҰЛЫ

Келесі ақпарат

ӘБІЛПЕЙІЗ ХАН ӘБІЛМӘМБЕТ ҰЛЫ