«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» халқымыз бұл індетті де жұмыла жеңеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Бүкіл әлемді шарпыған індет қазақ елін де айналып өтпеді. «Мың өліп, мың тірілген» — халқымыз бұдан да ауыр нәубетті бастан кешіргені тарихтан белгілі. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», — халқымыз бұл індетті де жұмыла жеңеді деп білеміз.

Мемлекетімізде індетті алдын-алу мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар өз жемісін беруде. Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, қайырымдылық пакет акциялары сынды жобалар кеңінен жүзеге асуда. Еліміз індетпен күресу тұрғысында бүкіл әлемдік қауымдастық алдында өзінің оң бағасын алып та үлгерді. Бұл ел Президентінің салиқалы да сарабдал саясатының арқасында еліміздің бүгінгі таңда қол жеткізіп отырған жетістігінің көрінісі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қомақты қаржы бөлінді. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясы да белсенді жұмыс атқаруда.
Төтенше жағдай кезінде қорық-музей ұжымы да жұртшылыққа онлайн дәрістер, видеоэкскурсиялар, танымдық сұхбаттар, тағы басқа да іс-шараларды ұсынып, бұқара халықпен онлайн байланысты тиімді атқару бағытында жан аянбай еңбек етуде. Бұл игілікті іс одан әрі де жалғасатын болады.
Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 11-ші мамырына дейін төтенше жағдайды ұзартуға байланысты жолдаған үндеуін бірауыздан қолдайды. Бұл шара індеттің кең етек жаюына жол бермей, адамдардың аурудан аман қалуына себебін тигізері сөзсіз.
Мәңгілік ел идеясын ұстанған Ұлы дала елінің Нұрлы жолдағы мерейі үстем болсын. Біз Біргеміз!

Алдыңғы ақпарат

Министр төтенше жағдай кезінде онлайнда өткізіліп жатқан мәдени іс-шаралар туралы баяндады (видео)

Келесі ақпарат

Әбдікерім Манапов — Түркістан аңыздарының жинақталу мәселелері