БАБ АРАБ КЕСЕНЕСІ

Баб Араб кесенесі Көне Түркістан қаласы, Жеті ата қақпасының маңында орналасқан. Ол бір бөлмелі құрылыс. О. Дастанов өзінің «Әулие жерлер туралы шындық» кітабында: дін иегерлерінің түсіндіруінше Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді,- деп жазған. Әбден шаршаған ол кісі Мұхаммед Пайғамбар қабірін құшақтап жылайды екен. Күндердің бір күнінде оған бір адам келіп, ертенгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатындығын және сол аттың иесі кез келген арманын орындай алатындығын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап, оның иесін күтуге қалады. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, алайда күтіп тұрған кісі шылбырын жібермей, оны өзімен бірге ала кетуін өтініп, жалынады. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмып және сол сәтте қайтып ашуын сұрайды. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі Әзірет Сұлтанға қарай кетіп бара жатқан кезінде есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп айтады да сол сәтте ғайып болып кетеді. Еліне оралған кісі бұл оқиғаны халқына айтып, атпен түскен жерінде Баб Арабқа арнап күмбез салады,- делінген.
2011 жылы Жеті Ата қақпасын тарихи деректер негізінде сақталған іздері бойынша қалпына келтіру жұмыстары барысында күйдірілген кірпіштен қаланған кесене қабырғасы және биіктігі 1 м күмбез анықталған болатын. Сондай-ақ, Баб Араб мешітінің ізі, төртбұрышты кірпіштен тұратын еден бөліктері табылды.
Алдыңғы ақпарат

Мәдениет, архив және баспа ісі салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтеді

Келесі ақпарат

ПАҚЫРНАМА