• 26 Қыркүйек 2020

Бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы баспасөз конференциясы өтті (видео)

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті.

Министр бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жүзеге асырылуымен таныстырды.

«Кешенді жоспар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы ел халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажет деген тапсырмасы негізінде, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды өскелең ұрпаққа қолжетімді еткізу мақсатында әзірленді. Кешенді жоспар 5 басты бағыттан тұрады: нормативті-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорттық желілерді кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық-бұқаралық шараларды қамтиды»,-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Кешенді жоспарда бұқаралық спорт туралы заң жобасының 8 заңнамалық актісіне 33 өзгертулер енгізу қарастырылған. Оның ішінде, дене шынықтыру мен спорт пәнінің мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша ақы қарастырылған. Дене шынықтыру сабағына ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті қосымша енгізу, халықпен жұмыс істеу үшін спорттық нұсқаушылармен қамтамасыз ету, өңірлерде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің жұмысын ұйымдастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда заң жобасы аталған өзгертулермен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына тапсырылған.

Министр бұдан басқа құжатта жалпы білім беру мектептерінің спорт залдарында спорттық секциялардың жұмысын ұйымдастырып, халықтың барлық тобына қолжетімді ету мақсатында өңірлік спорт және білім басқармаларымен меморандумға отыру жоспарланғанын.

Сонымен қатар, министр ауыл халқын спортқа тарту, олармен жұмыс істеу үшін спорттық нұсқаушылардың санын өсіру көзделген, қазір оларға деген сұраныс 1000-нан асатынын, өз кезегінде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Жалпы білім беретін мектептердің спорттық залдарында балаларға арналған спорттық секциялардың жұмысын ұйымдастыру ойластырылған. Бүгінгі таңда Министрлікте 101 спорттық федерация аккредиттелген. Олар қосымша өз спорт түрлері бойынша 300 мың баланы қамтитын 10 мың секция ашуға мүмкіндік алады. Мектептік және студенттік лигалардың да саны артады.

Біздің тағы бір мақсат — спорттық желілер мен инфрақұрылымды арттыру. Бүгінде елімізде 579 балалар-жасөспірімдер клубы мен  балалар-жасөспірімдердің дене даярлығына арналған 107 клуб жұмыс істейді. Сәйкесінше, олардың санын 700-ге, тиісінше 340-қа өсіреміз. Осылайша дене шынықтыру мен спортпен айналысатындардың саны 100 мың адамға өседі»,-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Ақтоты Рахметоллақызы бұқаралық спортты дамытуда спорттық инфрақұрылымның маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда елімізде 23 мың спорттық нысан бар. Жергілікті атқарушы органдардың есебінше, спорттық инфрақұрылымға деген қажеттілік орташа алғанда жылына 1 мыңнан асады, ал жоспар бойынша 2025 жылға дейін спорттық нысандар санын 30 мыңға дейін көбейту көзделген.

Сонымен қатар, министр кешенді жоспарда Е-sport cандық платформасын енгізу қарастырылғанын айтты.

«Аталған платформада спортқа қатысты басты құжаттар: біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сақталады. Біз бұл жұмысты 2020 жылдың соңына дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп аяқтаймыз. Біздің жасаған құжатымызда спорттық-бұқаралық шаралар да бар. Министрліктің ұйымдастыруымен 2019 жылы «Қазақстан Жастар Fest» жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл бастамамызды өңірлеріміз белсенді қолдаған еді. Жоспарда аталған фестивальді жыл сайын тұрақты түрде өткізу ойластырылған.

Жасалып жатқан жұмысты халыққа жеткізу де аса маңызды. Сондықтан бүгінгі жоспарымызды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы спортсүйер қауымға жеткізуді қалаймыз»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

«2025 жылы халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысатындардың саны 40 пайызға жетіп, немесе 7,5 млн адамды құрайтын болады, яғни өсім 1,8 млн адамға жетеді»,— деді министр.

Алдыңғы ақпарат

Ділдаш Мұстапаева — Асыл мұра — Тайқазан

Келесі ақпарат

Ақтоты Райымқұлова еліміздің музей ісінің мамандарын мерекемен құттықтады