«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында 2018 ж. атқарылған шаралар туралы анықтама

2018 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мынадай ірі шаралар жүзеге асырылды:

— Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына арналған Астана, Алматы қалалары мен облыстық мәдениет басқармалары жетекшілерінің, жұмыс тобы мен ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелерінің, БАҚ өкілдерінің, ғалымдардың қатысуымен екі Республикалық форум өткізілді. Екінші форум аясында 2018 жылы 15 қаңтарда ҚР Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» залының салтанатты ашылу болды.

— 2018 жылы ҚР Үкіметінің қаулыларымен (2018 ж. 31 наурыздағы № 150 және 4 сәуірдегі № 162) Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорықтары құрылды;

— 2018 жылы 15 мамырда ҚР Ұлттық музейінде Батыс өңірлерінің қасиетті жерлеріне, тұлғаларымен байланысты тарихи-мәдени мұраларды насихаттауға арналған «Батыс жауҺарлары» атты көрме ұйымдастырылды.

— өңірлерде 2017 жылы жарық көрген «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарының тұсаукесерлері ұйымдастырылды;

— «Қасиетті Қазақстан» энциклопедициясының 2-ші томы жарыққа шықты;

— жалпыұлттық қасиетті нысандар туралы әлеуметтік желілерге арналған қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мобильді форматтағы бейнеролик (60 дана) түсірілді;

— Қазақстанның киелі жерлерінің жалпыхалықтық тізіміне енген 10 нысанның (Жошы хан, Алаша хан, Бекет ата кесенелері, Бөкей орда кешені, Абай-Шәкәрім, Қорқыт ата мемориалдық кешендері, Қарасай-Ағынтай, Баба Түкті Шашты Әзіз, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Арыстанбаб кесенелері) 3D моделдері жасалды;

— 2018 жылы Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген, республикалық маңызы бар 23 тарих және мәдениет ескерткішіне ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді (Шақпақ ата, Қараман ата қорымдары, Қ.А.Яссауи, Арыстанбаб кесенелері, Аппақ ишан, Ақыртас кешендері, Ескі Түркістан, Сауран, Сығанақ, Көне Тараз, Талғар қалашықтары т.б.);

— Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Отырар», «Ұлытау», «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының аумағында Сапар орталықтардың құрылыстары жүргізілді, олардың құрылыстары 2019 жылы толық аяқталады;

— қараша айында «Қасиетті Қазақстан» орталығы қызметкерлері Ресей аумағындағы қазақ тарихына қатысы бар киелі жерлерге экспедиция ұйымдастырды;

— Қазақстандағы киелі жерлер туралы деректі фильмдер («Байқоңыр космодромы», «Жоңғар Алатауы-Бұрхан бұлақ сарқырамасы-Хан тәңірі-Нарынқол», «Жетісу – Қазақстанның таңғажайып табиғаты туралы», «Қатон-Қарағай – Қазақстанның таңғажайып табиғаты туралы») түсірілді.

Сонымен қатар, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында негізгі және ілеспе заң жобаларын әзірледі. Бүгінгі күнде аталған заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

2019 жылы 21 ақпанда Атырау қаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына арналған ІІІ Халықаралық форумы өтті.

Форум аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында 2018 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары және т.б. мәселелер талқыланып, киелі жерлерге арналған көрме, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы 2-томының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Форум жұмысына «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасы жөніндегі сараптамалық кеңестің мүшелері, мәдениет басқармаларының басшылары, облыстық музейлердің, тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі инспекцияның басшылары мен мамандары, мемлекеттік органдардың, алыс-жақын шет мемлекеттердегі қазақ диаспорасының өкілдері, ғалымдар қатысты.

Алдыңғы ақпарат

Рабия Сұлтанбегім кесенесі

Келесі ақпарат

Нартайдың үзеңгісі