«Астана Опера» жаңа жобасын «Жібек саты» операсымен бастамақ

Жас әртістердің жарқылдаған ойын-күлкісі, әзіл-сықағы, жастық жалыны мен тапқырлығы, вокалдық әрі аспаптық партиялардың шеберлігі – осының бәрі «Астана Опера» көрермендерін «Piccolo» Камералық театрында орын алатын Дж.Россинидің «Жібек саты» операсының премьерасында күтетін болады. Спектакль Жастар жылы аясында 6 және 7 сәуір күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Бүгінгі таңда осынау опера әлем бойынша сирек сахналанады, ал оны Орталық Азияда есту тіптен мүмкін емес. Жиырма жасар Дж.Россини үш жылдың ішінде бес опера туындысын шығарған: «Неке векселі», «Бақытты алдамшылық», «Жібек саты», «Сол бір жайттан ұры атанды» және «Синьор Брускино».

Операдағы іс-әрекет тыңдармандарды XVIII ғасырға ертіп әкетеді. Джулия өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шығады, ал жігіт болса, өзінің әйеліне терезеден түсірілген жібек сатымен көтеріледі. Джулияның некелескенінен бейхабар оның қамқоршысы қарт Дормонт қызды әйелдер қауымы арасында ерекше танымалдылыққа ие Дорвильдің досы Бланзакқа тұрмысқа беруге тырысады. Осының бәрінен не шығатынын әртістер мен спектакль қоюшылары баяндап берді.

Қоюшы дирижер Абзал Мұхитдинов музыканттардың көлемді партитураға қарамастан, оны оңай меңгергенін атап өтті.

— Дж.Россини бұл операны албырт жастық шағында жазған, «Жібек саты» оның танымалдылық жолындағы алғашқы қадамы болды. Сол кездері Дж.Россини Венецияның «Сан-Моизе» театрымен ынтымақтастықта жұмыс жасаған, аталмыш театр бір бөлімді күлдіргі опера – фарстардың қойылымымен айналысқан. Композитордың жас әрі жалынды музыкасы – оның стиліндегі басты айрықша ерекшелік. Оның ертеректе жазған операларындағы «ұзақ россинилік крещендо (дыбыстың күшеюі)», қазіргі тілмен айтқанда, брендке айналған, кейін мұны біз «Севильдік шаштаразды» қоса оның барлық операларынан ести аламыз, — деп түсіндірді маэстро.

— Бүгінде колоратуралық вокал техникасын шебер меңгерген әншілер өте сирек кездеседі. Ал біздің жағдайымызда – сопранодан бөлек, бұл – әрі баритон, әрі тенор, әрі бас, тіпті меццо-сопрано да! Театрымыздағы әртістердің арнайы оқудан өткені, ал кейбіреулерінің Пезарода – Дж.Россинидің өзі туып-өскен қаласында және Озимодағы Интернационалдық өнер академиясында білім алғандары өте қуантарлық жайт. Бұдан өзге, спектакльдің қоюшы режиссері Алла Симонишвили (Италия) – Озимодағы Академия профессоры. Осылайша, россинилік стильді тура түпкі деректемеден алып жатырмыз. Сондай-ақ осы операда бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда өте ерекше оркестр құрамы бар. Дж.Пуччини, Р.Вагнер, П.Чайковский операларынан кейін біз құрамында кемінде 70 адам бар оркестрге үйреніп қалдық. Алайда, осынау спектакльде камералық оркестр құрамы өнер көрсетеді, Дж.Россинидің «Жібек сатысында» 20 музыканттан сәл артық құрам бар. Ал бұл операның увертюрасы алғашқы күнінен бастап-ақ өзіндік концерттік өмірмен ғұмыр кешіп жатқанын атап өткен жөн, себебі ол жеке туынды ретінде әлемнің көптеген оркестрлерінің симфониялық бағдарламасы аясында орындалып келеді, — деді Абзал Мұхитдинов.

Әртістердің орындаушылық шеберлігіне спектакльдің сахналық безендірілуі де әбден лайықты болмақ. Әлемде тұңғыш рет көрермен назарына «Жібек саты» спектакліндегі декорациялар мен костюмдер Комедия дель арте бағытында ұсынылады, демек опера қаһармандары танымал итальяндық кейіпкерлер – арлекин, капитан Фракасс, доктор Чума және т.б. киімдерін киеді. Сценограф әрі костюмдер бойынша суретші Манана Гуниа (Италия) өз тұжырымдамасы жайында баяндап берді.

— Операдағы оқиғаларды либреттода жазылғандай Парижге емес, Венецияға ауыстырдық. «Жібек саты» «Сан-Моизе» театрына арнап шығарылып, венециялық карнавал мерекелері кезеңінде орындалуы керек болатын. Әдетте, спектакльді романтизм, ампир немесе модерн дәуірінде ұсынады. Біздің костюмдеріміз карнавал стилистикасы мен сол кезеңдегі тарихи тігіс үлгісінде жасалған. Дж.Россинидің алғашқы идеясына етене жақын венециялық рухты жеткізгім келді. Бұл қойылымда костюмдердің саны соншалықты көп емес, дегенмен де олардың бәрі өте күрделі әрі дайындау мерзімі бойынша ауқымды спектакльдерді жасаумен пара-пар. Ең қажырлы жұмыс Бланзактың костюмін жасау болды, ол капитан Фракасстың пішінінде жасалуда. Киім күрделі тарихи тігістерге ие, көптеген карнавалдық элементтері бар, — деп атап өтті суретші сценограф.

Шынымен де, тігін цехынан қауырсындарды, стразаларды, оқа-зерлерді, бисерден жасалған кестелерді, барқыт, жібек, атлас сынды көптеген маталардың көлемді орамдарын байқауға болады. Сірә, қауырсындардан бөлек, бұл костюмдердің айрықша белгісі «тас диірмен» деп аталатын жағалары (бүрмесі бар дөңгелек тік жағалар) болып табылады. Бір қарағанда, әрбір костюмнің бойында венециялық сәулеттің нақты элементтері не болмаса тұтастай итальяндық нақыштың бар екені түсінікті.

 — Декорациялар XVIII ғасырдың ортасындағы венециялық буржуазия үйінің ішкі-сыртқы сән-салтанатын жеткізеді. Сыртқы бөлігі тар көшелердің сипатын бейнелейді. Әсерлі бейнепроекцияларда судың проекциясы көрсетіледі. Декорациялар өте оңтайлы жасалған, мозаика тәрізді жеңіл жиналып, бөлшектенеді. Ауысып, айналу кезінде бір жағында интерьер, келесі жағында – экстерьер бейнеленгені бірден байқалады. Осылайша, олар 3D суреттері бар бүктемелі кітапты еске салады. Опера бойы сан-алуан түрленген декорация элементтері көрермен қауымның ішін пыстырмайды. Костюмдер де, декорациялар да «Астана Опера» театрында өте жоғары деңгейде әзірленуде, — деп қорытындылады Манана Гуниа.

Бутафор цехында да жұмыс қызу үстінде. Дайын болған карнавал бетперделерін шеберлер киіп көріп, әртістерге ыңғайлы болуын тексеруде. Әйелдерге арналған бетперделер әдемі әрі нәзік жасалса, ерлердікі ірі пішінді болып келеді. Шеберлер әуеде XVIII ғасырдағы Венеция атмосферасы қалықтайтынын атап өтті. Реквизит жасау жұмыстарына ағаш, мата сынды материалдар қолданылып, бұдан бөлек папье-маше технологиясы пайдаланылды. Өрнектер мен айшықтар ворбла көмегімен жасалды, бұдан кейін дайын болған заттар алтын, қызыл, ақ және қара түстермен безендіріліп, қолмен әшекейленді. Шеберлерден кәсіби іс, дәлдік пен ұқыптылық талап етілді.

 Әртістер дирижермен де, режиссермен де бірқатар дайындықтар жүргізді, ал қазір Камералық зал сахнасында атқарылатын соңғы жұмыстар қалды.

— Менің кейіпкерім – керемет қыз, әйел затына тән барлық сұлулық оның бойынан табылған: ерекше тартымдылық, сұлулық, еркелік, тосынсый мен әзілге деген махаббат. Джулияның бар ширақ қимыл-қозғалысын, кербездігі мен адамгершілігін композитор қыздың вокалдық партияларынан көрсетті. Ол техникалық жағынан қиын, көрнекті, мазмұнды, музыкалық мелизмдермен және асқан шебер пассаждарға толы. Партия өте күрделі, белгілі бір дайындықты қажет етеді. Мұндай партияларды асқақ шеберлі репертуар жанрында жұмыс жасайтын әншілер орындайды. Менің кейіпкерімнің бейнесін сол дәуір стилінде тігілген сахналық костюм айқындайды. Ол заманауи әйелдің еркін қозғалысын барокко дәуірі әйелінің биязы мәнеріне ауыстырады. Бұл жеңіл, көңілді опера, онда драмалық финал, кейіпкерлердің өлімі жоқ. Мұнда барлық дәуірлер мен барша елдегі қыздардың армандары орындалады – кейіпкерлер тұрмысқа шығып, бақытқа кенеледі, — деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай.

Дорвильдің партиясын орындаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин жаңа рөлде өзін сынап көруге қуанышты.

— Мен осы тамаша жобаға үлкен сүйіспеншілікпен қатысудамын. «Жібек саты» – бұл барша Азия аумағындағы премьера болмақ, және дәл біздің «Астана Опера» осы спектакльді алғаш рет орындайтыны мақтанарлық жайт. Мен қазір жаңа шығармашылық өркендеу үстіндемін, бойымдағы барлық әртістік қабілетімді көрсетіп, өзіме басқа қырынан қарағым келеді. Дорвиль – өте жарқын бейне. Техникалық, вокалдық әрі актерлік тұрғыдан алғанда – күрделі партия. Көз алдыңда үлгі тұтарлық орындаулар тұрған кезде, бейнені жасау оңайға түседі, алдымызда үлкен жауапкершілік бар – кейіпкерлерімізді өз интерпретациямызда жеткізіп, өте әдемі әрі талғампаздықпен көрсету міндеті тұр. Дж.Россини музыкасы сахна төрінде дене пластикасын керемет меңгеруді талап етеді, — деді Жан Тапин.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин де өзінің әріптесімен келіседі.

— Опера өте күрделі, Джермано партиясы вокалдық жағынан Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Фигародан да қиын болып шықты. Актерлік тұрғыдан алғанда бұл рөл айтарлықтай маңызды, маған негізгі міндет артылған қызметші бейнесін сомдау қажет. Тамаша сюжет пен керемет музыка осы операны жарқын әрі есте қаларлықтай етеді. Дайындықтар көңілді өтуде, маған қоюшы режиссер А.Симонишвилимен жұмыс жасаған өте қатты ұнайды, ол режиссерлік жұмысынан бөлек бізге вокалдық кеңестер де береді. «Piccolo» камералық театры қызықты жобасын ашу біз үшін үлкен құрмет, — деп атап өтті Сүндет Байғожин.

Бланзак партиясын орындаушы Евгений Чайниковке осынау қойылымдағы ең күрделі костюмде өнер көрсетуге тура келеді.

— Бланзактың костюмі өте күрделі: ол қауырсындармен, мәнерлі өрнектермен безендірілген, бейнені керемет қамзол толықтырады. Осы киім үлгісіне үйрену қажет. Баршаңызға осынау операны тамашалауға кеңес беремін, себебі оның мазмұны да, Дж.Россинидің көрнекті музыкасы да тартымды, «Жібек сатының» көлемі де бір сағаттан сәл ғана асады, әрі күлдіргі оқиғалар желісі де бар. Өнер жолын жаңа бастаған әншілер үшін бұл өте пайдалы опера, ол өз алдына вокалдық база болып табылатынын атап өткім келеді. Егер әртіс россинилік ән салу техникасын меңгере алған болса, онда қалған ауқымды гранд операларды да орындауға шама-шарқы жетеді. Спектакль көрерменнің шын ықыласын туғызатынына сенемін, барлықтарыңызды премьерамызды тамашалауға шақырамыз, — деп бөлісті Евгений Чайников.

Спектакльдегі партияларды орындайтындар: Дормонт – Рамзат Балакишиев және Руслан Совет, Джулия – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова және «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова. Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини. Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов. Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байгожин және Азамат Жылтыркөзов, Бланзак – Евгений Чайников және Ержан Саипов.

Қоюшы режиссер – Алла Симонишвили (Италия), қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Абзал Мұхитдинов, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа (Италия), жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова, костюмдер бойынша суретшінің ассистенттері – Жанар Момынова мен Айжан Хамзина.

Премьераға дейін санаулы күндер қалды. Көрермен жұмбақтың шешіліп, құпияның ашылатынына, ал әзіл, шаттық пен жақсы көңіл-күй осы спектакльдің міндетті атрибуты  болатынына шүбәсіз сенуіне болады.

Алдыңғы ақпарат

ЕСІМ ХАН КЕСЕНЕСІ, ХVІІ Ғ.

Келесі ақпарат

Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген фильм Ирандағы фестивальге қатысады