Арыстанбабтың кесенесі қалай тұрғызылған?!

Әулиелердің әулиесі Әзірет Сұлтан хикметінен қанаттанған Әмір Темір майдан даласында еш жеңілісті білмепті. Күндердің күнінде Ақсақ Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріп: «Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің аруағым сені демеп жүреді», – депті.

Сонда Ақсақ Темір: «Мен Сізді қайдан табамын?» – дегенде, «Жолды мен өзім көрсетемін», – деген екен.

Сонымен тәуекелге бел байлап, Ақсақ Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ерте барып қараса, шынында кішкене ғана мазарат тұрады. Құран оқып ертесіне істі бастапты. Әрқашан түсінде аян беріп отыратын ұлы бабаның басына әлемде теңдессіз кесене тұрғызу жатса-тұрса ойынан кетпепті. Жарты әлемді билеген әміршіге кесене деген не тәйірі, жер-жерден ұсталар, бәдізшілер, шеберлер іріктеліп алдырылады. Қызу тірлік басталып та кетеді. Кешке дейін қабырғаның біраз бөлігі қаланып қойылған. Таңертең барса, бұзылып жатқан құрылыс орнын көреді. Басына қарауыл қояды. Олар да таң алдында ұйықтап кетіп, кімнің бұзғанын білмей қала береді. Үшінші күні өзі аңдымаққа бекінеді. Таң алдында ұйқы қысады, ұйқыға бой алдыратын болған соң қолын қанжармен тіліп жіберіп, ұйықтамау үшін тұз сеуіп қояды. Тұздың уыты қойсын ба ұйқы шайдай ашылады. Сонымен бір кезде қараса үлкен өгіз келіп, қаланған дуалды майқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп, былай депті: «Ол көк өгіз – Арыстанбабтың әруағы, саған қапаланып бұзып жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның әруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің», – депті.

Сонымен ерте тұрып, Отырарға бет алады. Кешке сонда жетіп, ұйықтап жатқанда, түсінде аян беріп, жатқан жерін көрсетеді. Таң ата, ерте басына барып, Құран оқып, құрылысты салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай сәтті аяқталған соң, демалып жатқанда тағы аян беріп: «Міне, енді бәрі де дұрыс болды, енді келіп менің басыма ғимаратыңды салдыра бер», – дейді. Сонымен Әмір Түркістанға қайтып келіп, Қожа Ахмет мешіт-кесенесін салуды бастаған екен.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жинақтаған «100 аңыз» кітабынан

Алдыңғы ақпарат

ЕЛБАСЫ ДОСТАРЫ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ

Келесі ақпарат

Гүлшара Әбдіқалықова «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін дамыту жұмыстарымен танысты