Қабірхана

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы бір жағы 7,15 м шаршы бөлме. Қабырғаларының орта тұсында терең емес ойықтарының жоғары бөлігі Қазандық бөлмесіндегідей оймышты сталактиттермен безендірілген.    Реставрациялық жұмыстар барысында Қабірхана күмбезінің астында орналасқан сылақ бетінде бояулы ою-өрнек пен эпиграфика қалдықтарының бары анықталды.

Қабірхана еденінде ауданы 4,7 х 3,8 м, биіктігі 46-48 см күйдірген кірпіштен төртбұрышты орын жасалған. Оның шығыс жағында, Қабірхананың нақ ортасында Қожа Ахмет Ясауидің текпішекті, үстіңгі бөлігі шағын арка іспетті болып аяқталатын құлпытасы тұр. Оның беті жылтыр, ақ, сары және қара жолақтары бар түсі бозғылт жасыл серпентинит тақталарымен көмкерілген. Құлпытастың 1,05х2,94 м, іргесі биіктігі 14 см, қысқа жағы – 1,2 м, ұзын жағы – 3,1 м ағаш кесінділермен қоршалған.

Бұрын құлпытас үсті арнайы маталармен көмкерілген болатын. Олардың арасында, өрнектерінің ерекшеліктеріне қарағанда XV ғасырға жататын мата үлгісінде жазулар ізі сақталған.

Бөлме екі қабат күмбезбен көмкерілген. Ганчтан жасалған өрнекті әшекей Қабірхана төбесін жауып тұрған төменгі күмбезді жасырып тұр. Сырттай Қабірхана төбесіне биік барабан үстінде тұрған сәнді көп қатпарлы (52 қатпар) күмбез орнатылған. Қожа Ахмет Ясауи қабырханасының сыртқы күмбезінің диаметрі 10 м.

Кесенедегі XIV ғасырдан сақталып келе жатқан екі есіктің бірі қабірхана есігі. Бұл есік орта ғасырлық оюлы есіктердің тамаша үлгісі болып табылады. Есік екі жақты ашылады, ұсақ сүйектермен әшекейленіп ергенектері қаңылтырмен қапталып ондағы жазулар алтынмен апталған.Есіктің жоғарғы жағындағы екі шаршының ішінде ойылып өрнектелген гүл мен жапырақтардың арасында сулус қолтаңбасымен жазылған Пайғамбардың (ғ.с) хадисі орын алған. Есіктің ортаңғы бөлігінде, жарты бағанада куфа қолтаңбасымен парсы тілінде жазылған жазу: «құтты болсын», — деген сөз. Жазулардың көп бөлігі өшіп қалған, жартылай оқылады немесе кейбір сөздері мен әріптері ғана оқуға келеді, жазуларда аяттан үзінділер және хадистер мен даналық сөздер кездеседі.

Алдыңғы ақпарат

Мешіт бөлмесі

Келесі ақпарат

Шырағдандар