Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өткен Мәдениет министрлерінің онлайн кездесуіне қатысты (видео)

Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) COVID-19 пандемиясы кезеңінде туындаған қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр.

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуленің қатысуымен өткен мәдениет министрлерінің бүгінгі онлайн кездесуі осы мәселеге арналды.

Онлайн кездесудің мақсаты- 2019 жылдың 19 қарашасында Әлем елдерінің Мәдениет министрлерінің форумында басталған бірлескен талқылауын жалғастырып, мәдениет министрлерімен тұрақты диалог құру.

Онлайн жиында сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Р. Райымқұлова мәдени секторды қолдауда жинақталған тәжірибе мен ұсыныстармен, сондай-ақ коронавирус індетінің таралуының алдын алуда қабылданған шаралар туралы ойларымен бөлісті.

Бүгінгі таңда барлық мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар тоқтатылды, тарихи-мәдени нысандар, соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін нысандар да жабылған.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан, бүкіл әлем үшін күрделі уақытта мәдениет және өнер қайраткерлері қазақстандықтар мен шетелдік көрермендерді онлайн режимде өз шығармашылығымен қуантып келеді.

Өнер саласындағы барлық қазақстандық ұйымдар, мұражайлар, кітапханалар және өзге де мәдени-демалыс мекемелері өздерінің аудио-және бейне жазбаларына, виртуалды турларға, жарияланымдарға және т.б. тегін онлайн — қолжетімділік жасады.

Мәдениет және спорт қоғамдық мекемелерінің әлеуметтік желілері ресурстарында танымал мәдениет қайраткерлерімен онлайн жаттығулар, дәрістер, вебинарлар, концерттер, виртуалды экскурсиялар, балаларға арналған ертегілер оқу, көрсетілімдер мен фильмдер өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілерде үнемі  әртүрлі челлендждер өткізілуде. Сондай-ақ, осы күндері спорт және туризм саласында онлайн кездесулер өтіп, пікір алмасулар жүріп жатқанын айта кеткен жөн.

Әсіресе, елімізде Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып  жатқан «Карантиндегі жұлдыз» жобасы үлкен танымалдыққа ие болды. Оның аясында танымал қазақстандық әртістер Интернетті пайдаланушылармен тікелей эфирде сұхбаттасып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді.

Мәдениет мекемелері онлайн-конференциялар өткізуде. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық форум Қытай, Түркия, Венгрия және Ресей спикерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Мәдениет саласының қызметкерлері індетпен күресте әлеуметтік көмек те көрсетіп келеді.

Министрліктің бастамасы бойынша мемлекет қаржыландыратын, театрлар, киностудиялар, мұражайлар, стадиондар тігін цехтары бар барлық мәдениет және спорт ұйымдары медициналық бетперде тігумен айналысады. Бүгінде олар медицина және әлеуметтік қорғау мекемелеріне 40 мыңнан астам медициналық бетперде дайындап, табыс етті.

Айта кетейік, онлайн кездесу жұмысына 136 елдің мәдениет министрі қатысты. Тараптар осынау күрделі кезеңде бүкіл әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мәдениет пен өнерді сақтау мен дамытуға бағытталған жұмыстар туралы пікір алмасты. Онлайн кездесудің қорытынды бөлімінде халықаралық тәжірибеге сай, экономиканы қолдау жөніндегі жалпы іс-шараларға қосымша мәдениет секторын қолдауға арналған нақты іс-шаралар қабылданатындығы айтылды. Мәдени бағыттағы жұмыс COVID-19-ды жеңіп шыққанға дейін белсенді  түрде жалғасатын болады.

Алдыңғы ақпарат

Жамбыл Артықбаев — Түркістан құпиялары

Келесі ақпарат

«Астана Балет» тұңғыш рет төл спектакльдерінің жазбасын онлайн көрсетеді