
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қолдауымен Ясауи музейінде көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» көрме ашылды.

Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырған экспозицияда ақынның жеке заттары, сирек кітаптары, қолжазбалары мен тарихи құжаттары ұсынылған. Көрме келушілерге қайраткердің өмір жолы, қоғамдық қызметі және әдеби мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Көрменің ашылуына Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев және Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы, профессор Марат Әбсеметов қатысып, Сәкен мұрасы жайлы құнды пікір білдірді.

Шараға қаламыздағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-лицейдің директоры Рая Серікбайқызы мен өнерлі оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Кештің көркемдік мазмұнын Конгресс-холл кешенінің өнерпаздары да толықтырды. Әнші Ақжол Жамбыл Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелете орындаса, күйші Бауыржан Садыбеков Қазанғаптың «Ақжелең» күйін күмбірлете шертіп, ұлттық өнердің құдіретін паш етті.

Тағылымды көрме 9 қарашаға дейін жалғасады. Ясауи музейіне көрмені тамашалауға Түркістан қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын шақырамыз.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.