Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығына сәйкес Дакенов Ерлан Ерғазыұлы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры қызметіне тағайындалды.
Ясауи музейінде өткен жиында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Мұхаметқали Ринат Зәкиұлы музей-қорық ұжымына жаңа басшыны ресми түрде таныстырып, оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, музей-қорық директорының міндетін уақытша атқарған Дүкенбаев Нұрлан Мұсағалиұлының жауапты кезеңдегі табанды еңбегі мен кәсіби біліктілігін ерекше атап өтіп, атқарған жұмыстары үшін шынайы алғысын білдірді.
Кездесу барысында Ринат Зәкиұлы музей-қорық қызметінің алдағы даму бағыттарына тоқталып, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру және келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері жөнінде өз ұсыныстары мен ескертпелерін жеткізді. Сондай-ақ, ол Түркістан төрінде өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысқан музей-қорық ұжымының еңбегін жоғары бағалап, олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне ризашылығын білдірді.
Жиын соңында Ерлан Ерғазыұлы өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға дайын екенін білдіріп, музей-қорықты дамыту жолында бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмсайтынын айтты. Ол мәдениет саласында жинақтаған білімі мен кәсіби тәжірибесін ел игілігіне бағыттап, көрсетілген сенім үшін алғысын жеткізді.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.











