МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Жүзікке таңбаланған ұлттық болмыс

Жүзік – тек сәндік бұйым емес, ізет пен ықыластың белгісі. Құда-жекжат арасында жүзік сыйлау – туыстықты күшейтудің бір амалы. Мүшел жасқа толған ұл-қызға жүзік тағу – оның есеюін мойындау. Ал еңбегімен елге сыйлы жанға жүзік ұсыну – құрметтің айқын көрінісі.

​Қазақ үшін сақина мен жүзік – ұсақ әшекей емес, терең мағыналы мәдени код. Ол тазалық пен тәрбиенің өлшемі, сұлулыққа іңкәрлік, туыс арасындағы сыйластық пен ұрпаққа қалатын өсиет. Әшекейдің сыры тек металл мен таста емес, ең әуелі иесінің ниетінде. Ниет таза болса, күмістің сыңғыры да, алтынның жылуы да өмірге сән береді.

Жүзік жалпы әйел заты саусаққа тағуға арналған сәндік әшекей бұйымдарының бірі болып саналғанымен, жүзікті ерлер де тағады. Бірақ әйелдер барлық саусақтарына екі-үштен қосарлап сала береді де, ерлер бір ғана саусағына және біреуін-ақ салады. Ертерек кезде ерлер көбінесе көзі жоқ бірыңғай жасалынған балдақ салатын болған. Ал жүзік жасау анағұрлым күрделі және оның сан алуан түрлері болады. Қазақ халқы асыл тастардан көз қондырылғанын — жүзік, тасы жоқ, тек алтын, күмістің өзінен ғана көз шығарғанын — сақина, көзі жоқ шығыр түріндегісін — балдақ деп атаған. Жүзіктер жасалу мәнеріне қарай немесе көздеріндегі тастардың атымен «көзді жүзік», «құдағи жүзік», «отау жүзік», «құс тұмсық жүзік», «күмбезді жүзік» сондай-ақ, ертеректе хан, би, болыстардың мөр, қолтаңба орнына қолданатын жүзіктері «мөрлі жүзік» деп аталған. Бұл қосымша мүсіндер жүзік сақинасының үстіңгі жағына дәнекерленеді.

Жүзіктегі ою-өрнектер мен бейнелер де терең мағынаға ие. Мысалы, «қошқар мүйіз» өрнегі – молшылық пен берекенің, «гүл» өрнегі – өмір мен сұлулықтың нышаны. Осындай өрнектер арқылы қазақ халқының табиғатқа, өмірге, адамгершілікке деген көзқарасы көрініс тапқан.

​«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорында ХIХ-ХХ ғ.ғ жататын жүзіктердің бірнеше түрлерін кездестіруге болады. Атап айтсақ құстұмсық жүзік ХIХ ғ., отау жүзік ХIХ ғ., құдағи жүзік ХIХ ғ., және де ХХ ғасырларға жататын жүзіктер.

​Мақалада ХIХ-ХХ ғғ. жататын сопақша пішінді жүзік. Биіктігі 0,7 см болып келіп ортасынан сопақша ұя көтерілген. Арасындағы қуыс бормен толтырылып ұяның іші боялып, бетіне шыны қойылған. Көз болып шыққан беті металмен өрнектелген. Барлық жоғарғы жағы, жандары, геометриялық өрнектермен өрнектелген және сіркелеу әдісі қолданылған. Сабағы жалпақ, ортасына қарай жіңішкерген өрнексіз. Жүзіктің беті, өрнектері, сабағы, күмістен жасалынған, сынамы — 950̊. Төменгі жағы құнды металл емес.

​Қорыта келе, жүзік – қазақтың ұлттық болмысының, эстетикалық талғамының және рухани дүниесінің айғағы. Ол ұлттың өткенін танытып, болашаққа мәдени сабақтастықты жекізетін қастерлі жәдігер.

И.Жалишева, кіші ғылыми қызметкер

Алдыңғы ақпарат

ХVІ және ХVІІ ғасырлардың басында Хорезмдегі Саййид Ата’и тобының ықпалы

Келесі ақпарат

МУЗЕЙ ПЕДАГОГИКАСЫ ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫ