
Бұдан алдын, қаламыздағы білім беру ошақтарында “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының көшпелі көрмесі ұйымдастырылып жатқандығы жөнінде айтқан болатынбыз. Сол мазмұнды шарада есті әңгіме естіген оқушылар “Жүз рет естігенше, бір рет көр” дегендей музей-қорығымызға арнайы келіп, көнеден жеткен құнды мұраларымызбен танысты.
Президентіміз Қ.Тоқаев “Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады”деп, жас буынның өз тарихын жетік түйсініп, отаншылдық рухта қалыптасудың өзекті екендігін сөз еткен болатын.
21 ақпан күні “Arman-M school”мектебінде білім алып жатқан 168 оқушы музей-қорыққа арнайы келді. Экскурсовод мамандар оқушыларды 4 топқа бөліп алып, әуелі тарихи мақтанышымызға айналған ортақ құнды мұрамыз — Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралатып, одан соң “Ясауи” музейінің бай экспозициясымен таныстырды.
Талпыныстары танымдық сапарға ұласқан жеткіншектерді бастап келген ұстаздарға, мектеп әкімшілігіне айрықша алғыс айтқымыз келеді. Өйткені музей мен бала қатынасы нығая түскен сайын жас өрендер туған елдің қадірін біліп, Отанын құрметтеуге, жас кезінен ата-баба аманатын жан-жүрегімен ұғынып, ұлы мұратқа ұмтылуға, елжанды болуға қалыптасады.
Алдағы уақытта да қала және аудан мектептерінен тұрақты түрде музей-қорығымызға арнайы сапар ұйымдастырылып, 6-10 сынып аралығындағы мектеп оқушылары көненің көзіндей, дәуірлер сөзіндей ескіден жеткен ескерткіштермен танысып, тарихи танымын жетілдіретін болады.
Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.