Жүсіп ата кесенесі

Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Кесенеде бұрындары ешкандай археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталды. Кесененің бастапқыда Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері ғана болған, кейіннен ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар Асхана бөлмесін тұрғызған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі де төбе жабыны да біздің күнімізге түпнұсқа күйінде жетпеген. Тек Қабірхана бөлмесі ғана бүтін жеткен. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда.  Жүсіп ата кесенесі қабірхана , жамағатхана бөлмелерінен тұрады және екі бөлме де күмбезделіп жабылған. Құрылыстың жалпы ұзындығы 14,2 м, ені 12,8 м, биіктігі 13,5 м. 2008-2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан Жүсіп ата кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде : Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі ақ тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.

Алдыңғы ақпарат

Күміс Сейітова: «Көне Түркістан қаласы тарихи-мәдени кешенінің аумағынан еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы мұражай ашылады»

Келесі ақпарат

ИМАМ МАРҚОЗЫ КЕСЕНЕСІ