Жүсіп ата кесенесі аумағында Сапар орталығы бой көтереді

Биыл Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағында демеушілер есебінен Сапар орталығының құрылысы басталады.

Қазіргі таңда құрылысты жобалау құжаттары әзірленуде. Жоспар бойынша онда туристер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы салынады. Ғимарат 4 бөлмеден тұрады, яғни әкімшілік, музей экспозициясы, қонақ бөлмесі және шаруашылық орындары қарастырылған.

Тарихи деректер мен аңыз-әфсаналарда Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің жиені әрі замандасы, шәкірті болғандығы айтылады. Оның кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдықтарды негізге ала отырып, Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға келген туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен демеушілер есебінен Жүсіп ата кесенесінде де туристерді шоғырландыру мақсатында көптеген игі шаралар жүзеге асуда.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін дамыту, қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары еліміздегі туризм саласының дамуына серпіліс береді деп күтілуде.

Алдыңғы ақпарат

Музей қорындағы 10 рубль құндылығындағы Ресей патшалығының «Империал-Червонец» алтын ақшалары

Келесі ақпарат

Балбал тас