Өзбекстанның мәдениет күндері аясында «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» атты іс-шара өтті

22 қарашада Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы мәдениет күндері аясында тұңғыш рет екі елдің нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өкілдері «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» атты іс-шарада бас қосты.

Аталмыш іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі республикалық Орталық зағиптар кітапханасының директоры Фарход Уктамович, Аджиан Облыстық зағиптар кітапханасының директоры Урман Нурматов, Навои облыстық зағиптар кітапханасының директоры Бахтиёр Абдуллаев, Қарақалпақстан Республикасы зағиптар кітапханасының директоры Алима Ахметова қатысты.

Екі елдің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шара аясында Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы мен Өзбекстан Мәдениет министрлігі жанындағы республикалық Орталық зағиптар кітапханасы бірлесіп өзбекстандық жас режиссер Ш.Холиковтың «Шәй» қысқаметражды фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды. 2020 жылы өнер саласындағы аса беделді Канн фестивалінде бас жүлдеге ие болған мүмкіндігі шектеулі жандар туралы ерекше форматта дыбыссыз түсірілген фильмді Қазақстанның арнайы кітапханасының студиясы зағип оқырмандар үшін арнайы қазақ тіліне дыбыстандырған нұсқасын ұсынды.

Фильмді қазақ тіліне дыбыстаған мамандардың бірі – Астана қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері Шахсана Момбекова мен танымал диктор Қуат Ахметжан. Сондай-ақ фильмді дыбыспен әрлеп, қажетті жерінде сөз мағынасына қарай әуен қосқан, дыбыс режиссері Қайсар Тұрмағанбет.

Елордамыздың орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен іс-шарада зағип жандарға арналған тифлоқұрылғылар, кітапхана студиясы өнімі болған аудиокітаптар т.б. және тағы басқа құралдар қойылған көрме ұйымдастырылды. Іс-шарада Өзбекстан кітапханасының өкілдері еліміздің зағип оқырмандарына А. Байтұрсынұлы мен Ы. Алтынсарин шығармаларының бедерлі қаріпте басып шығарылған кітабын сыйға тартты. Кездесу соңында арнайы кітапхана оқырмандары мен Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының жас өнерпаздары өнер көрсетті.

Алдыңғы ақпарат

Нұрғиса Дәуешов: «Еуразия» кинофестивалін өткізу үшін төрт ай бойы ашық конкурс жүргізілді

Келесі ақпарат

Қазақстанда үздік жас пианистер марапатталды