
1980-1982 жылдар аралығында Түркістан археологиялық отряды тарапынан кейінгі ортағасырлық Түркістан қалашығының оңтүстік-шығыс жиегінде орналасқан «Күлтөбе» төбесінде стратиграфиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін бұл төбе маңынан ерте дәуірлерге тән керамика бөліктері, Отырарда VII ғасырда Түркі билеушілерінің кезінде соғылған, бетінде құйрығын жоғары көтерген арыстан бейнесі мен келесі бетінде таңба түсірілген мыс ақшаның кездейсоқ табылуы төбенің Түркістан қаласының ең көне қабаттары орын алған бөлігі болуы керек деп болжам жасауға негіз болған.
70 кв.м. аумақты қамтыған қазба жұмыстары кезінде 6 құрылыс горизонттары аршылды. 6 құрылыс қабатынан шыққан (3 ярус немесе, үстінен санағанда 2 құрылыс қабаты) тұрғын үй ауласының күйдірілген текше пішінді кірпіштерінің бірінің астынан күміс және мыс ақшалардан тұратын көмбе табылды. Көмбе, шыңылтырланбаған, ангобпен өрнектелген құмыраның ішіне салынған. Ақшалардың беттерінде сақталған мата қалдықтары көмбенің құмыраға матаға оралып салынғандығын көрсеткен.
Бұл көмбе нумизматикалық комплекс ретінде ғана емес, сонымен қатар, көне Ясы қаласы–Күлтөбеде қарқынды тұрмыстың тоқтап, қала орталығының солтүстік-батысқа қарай 300-500 м. қашықтықтағы жерге көшкендігін айқындайтын «хронологиялық репер» ретінде де тарихи маңызы жоғары археологиялық табыс.
Аталмыш көмбе музей қорына КК2966/1-26 номерімен қабылданған. Көмбе құрамы 677 х. жыл (1278-1279 ж.) мен706 х. жыл (1306-1307 ж.) аралығында соғылған ақшалардан тұрады. 24 дана күміс және 2 дана мыс ақшалардан тұратын шағын көмбенің қатарында сол кезеңде жұмыс атқарған ақша сарайларының көпшілігінің, атап айтар болсақ, Алмалық, Андиган, Бухара, Отырар, Фараб, Қашғар, Кенжде, Маригинан, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш, Янги ақша сарайларының өнімдері бар.
Бұл кезең монеталарының түрлері моңғол дәуірінің ақша шекімесінің алдыңғы кезеңдеріндегі үлгілерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Монеталардың бір бетіндегі тиын алаңын түгел ала, немесе басым бөлігінде Е.А.Давидовичтің зерттеулері бойынша анықталған 7 түрлі таңбалар жеке-жеке немесе екіден, кей жағдайларда үштен түсірілген (мәселен, көмбе құрамындағы Тараз ақша сарайының өнімінде).
Көмбе ақшаларының беттерінде кездесетін таңба түрлері
Ақшалардың барлығы ешқандай билеушінің атынсыз, анонимді түрде соғылған. Ақшалардың беттерінде тұлғалар аттарынан бұл кезеңде қайтыс болып кеткен Ислам халифасы Наср лид-Дин Аллахтың аты ғана кездеседі.
Тиындарда аты аталған халифа атауының жазбасынан бөлек العادل الاغظم (аль-Адиль аль-Ағзам), اللمام الاغظم (Аль-Имам аль-Ағзам) жазбалары, Тараз және Кенжде ақшаларында شاه عادل (Шах Адиль) жазбалары кездеседі. Ақша сарайлары атауларының жазбалары ضرب (Зарб) немесе سكة (сикка) анықтамаларымен берілген.
Иасы-Күлтөбе археологиялық ескерткішінен табылған ХІІІ ғ. соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында соғылған Шағатай мемлекетінің дирхемдері мен мыс фельстерінен тұратын осынау көмбені зерттеу Шағатай мемлекетінің батыс бөлігінің ғана емес, бүкіл мемлекеттің саяси экономикалық жағдайын айқындауға айтарлықтай мүмкіндіктер берді. Көмбе құрамына жүргізілген зерттеу жұмыстары Бухара, Самарқан, Кенжде, Маргинан, Тараз және Янги ақша сарайының өнімдерінің жаңа типтерін анықтап, хронологиялық көрсеткіштерді кеңейтті.
Көмбедегі мыс ақшалар құрамы Отырардың осы кезеңге тән мыс ақшаларының жаңа үлгілері мен Фараб аумағының ақшаларымен танысуға жағдай жасады.
Т.Жолдасов, ғылыми қызметкер.