МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Ясауитану байқауының ережесі

Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11 сынып оқушылары арасында өтетін дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының қағидасы

І. Жалпы ережелер

  1. Осы қағида Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11 сынып оқушылары арасында өтетін дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.
  2. 2024 жылғы дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауы сәуір айының 18-19 жұлдызында Түркістан қаласында өтеді.
  3. Республикалық «Ясауитану» байқауының Қағидасын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК жанындағы Ғылыми кеңес ұсынысымен музей директоры бекітеді.

Байқаудың мақсаты мен міндеттері:

  1. Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау;
  2. Өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру;
  3. Жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру;
  4. Жас буынды елдік санаға баулу;
  5. Ұлы баба өнегесімен шәкірттерді адамгершілікке, ізгілікке баулу;
  6. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру;
  7. Тарихи-мәдени ескерткіштерді, жәдігерлерді насихаттау.

ІІ. БАЙҚАУДЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТӘРТІБІ.

2.1. Іріктеу турларына қатысу тәртібі

  1. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауына оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11-сыныптарының оқушылары қатыса алады.
  2. Сайысқа www.azretsultan.kz  веб-сайтына жарияланған 40 хикметті жаттаған оқушылар қатысады.
  3. www.azretsultan.kz веб-сайтында жарияланған сұрақтар негізінде аудандық және облыстық іріктеу турлары өткізіледі.

І кезең орта мектептерде іріктеу сынынан жеңіп шыққан 5 оқушы аудандық іріктеу сайысына жіберіледі.

ІІ кезең аудандық  іріктеуден үздік шыққан 5 оқушы облыстық іріктеу сайысына қатысады.

ІІІ кезең облыстық іріктеу сайысынан үздік шыққан 5 оқушы Республикалық сайысқа қатысуға жолдама алады.

2.2. Облыстық іріктеу сайысын өткізу тәртібі

  1. Облыстық іріктеу турына аудандық іріктеуден жеңіп шыққан бес оқушыға дейін қатыса алады.
  2. Облыстық іріктеулер «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бекіткен осы Қағида негізінде ұйымдастырылады.
  3. Облыстық сайыста қойылатын билет сұрақтары azretsultan.kz веб-сайтына жарияланған талаптарымен сәйкес келуі тиіс.
  4. Облыстық байқауда, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалалық байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар байқаудың Республикалық кезеңіне қатысады.

2.3. Республикалық сайысты өткізу тәртібі

  1. Республикалық «Ясауитану» байқауына қатысып жүлделі (бас жүлде, 1,2,3) орындарды иеленген оқушылар екінші рет байқауға қатыса алмайды.
  2. Республикалық байқау қазақ тілінде өтеді.
  3. Республикалық байқаудың хикметтері мен билет сұрақтары музей-қорықтың www.azretsultan.kz  веб-сайтына жарияланады.
  4. Республикалық «Ясауитану» байқауы осы қағиданы басшылыққа ала отырып өткізеді.

ІІІ. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫС ЕКІ КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ. 

І кезең

Сайысқа қатысушылар  жеребе бойынша бірнеше топқа бөлініп, әр топ кезекпен сахнаға шығып сынға түседі. Байқауға қатысушылардың алдын-ала берілген хикметтерді қай деңгейде жаттағанын анықтау мақсатында сайысты жүргізуші  хикметтен үзінді айтып, ары қарай кез-келген бір қатысушыға, тоқтаған жерден жалғастырып әкетуді бұйырады. Ол бір немесе бірнеше шумақты жаңылыспай айтқаннан кейін, жүргізуші келесі бір сайыскерге хикметті үзілген жерінен іліп алып, кідірмей жалғастырып кетуді сұрайды. Жүргізуші осылай жас сайыскерлерден қырық хикметті кездейсоқ ретпен түгелдей сұрап шығуы тиіс. Бұл сында кідіріп тоқтап қалған, хикметті ұмытып қалған, қателесіп хикмет ретінен жаңылған қатысушының бір балы шегеріліп отырады. Сайыс барысында  қатысушыларға үш рет қателескенге дейін мүмкіндік беріледі. Үш рет қателескен  оқушы сайыстан шығады. Бірінші кезең қатысушылардың жартысы (1/2) шығып қалғанша жалғасады. Сайыскерлерге қазылар алқасы 10 балдық бағалау жүйесі бойынша баға береді.

І кезеңде еш мүдірмей, қатесіз айтып шыққан хикметшіге 10 балл қойылады. 1 рет мүдірген сайыскерге 9 балл қойылады. 2 рет қателескен қатысушыға 8 балл беріледі. 3 рет қателескен қатысушы жарыстан шығарылады.

І кезеңнің мақсаты – оқушылардың хикметтерді қаншалықты деңгейде игергендігін, зейін мен зерде қабілетін анықтау.

ІІ кезең

Қатысушылардың іріктеу кезеңінен өткендері сайысты ары қарай жалғастырады. Сайыскерлер алдыңғы кезеңдегідей бірнеше топқа бөлінеді. Қатысушыларға үш сұрақ қойылады. Бұл сында оқушылар Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, жерленген тұлғаларға,  хикметтегі тірек сөздердің мән-мағынасын, шумақтарын толық айтып шығулары тиіс. Сұрақтарға түгел жауап берген оқушыларға жоғары ұпай қойылады. Бұл кезеңнің мақсаты Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің өмірі, шығармашылығы, хикметтегі ұғымдар, кесененің және ондағы жәдігерлердің тағылымдық мәні  жайлы қатысушылардың білімдерін сарапқа салу, оқушылардың ойлау деңгейін, хикметтердегі рухани ұғымдарды қаншалықты түйсінгендігін айқындау. Сұрақтар билет түрінде болады (техникалық мүмкіндікке байланысты компьютердегі ұяшықтарда жасырылуы мүмкін). Қажеттілігіне қарай қатысушыларға қазылар тарапынан қосымша сұрақтар қойылуы мүмкін. Үш сұраққа да дұрыс толыққанды жауап берген сайыскерлерге жоғарғы балл қойылады. Ұпай саны 10 балдық жүйемен бағаланады.

Екінші кезеңнен кейін сайыскерлердің барлық кезеңдегі жинаған ұпайлары қосылып, қорытындысында жоғарғы нәтиже көрсеткен сайыскер жеңімпаз атанады. Осы жүйемен қалған қатысушылар да жүлделі орындарға ие болады.

ІV.БАЙҚАУДЫҢ БИЛЕТ СҰРАҚТАРЫ ТӨМЕНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАМТИДЫ

4.1. Қожа Ахмет Ясауи туралы

4.2. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы

а) кесененің салыну тарихы

ә) құрылыс ерекшеліктері

б) кесенедегі жазулар және олардың мағынасы

в) кесенені жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарының тарихы

г) Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы сыйға тартылған көне жәдігерлердің символдық мәні (Лауха /ту/, Шырағдан, Есік, Тайқазан т.б.)

4.3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген тарихи тұлғалардың өмірі, қызметі, тарихтағы орны

4.4. Қазақстан тарихы пәніне байланысты сұрақтар

4.5 Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени мұралар 

V. ЖҰМЫС ОРГАНДАРЫ

5.1. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының ұйымдастыру жұмыстарын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрған ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.

5.2. Ұйымдастыру комитетінің құрамына қорық-музейдің жауапты қызметкерлері, Ясауитанушы ғалымдар, т.б. тұлғалар  кіреді.

5.3. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының ұйымдастыру комитеті:

1) Байқауды өткізудің жалпы тәртібін белгілейді;

2) Тікелей басшылық жасауды жүзеге асырады;

3) Байқаудың қорытындыларына талдау жасайды және жинақтап қорытады;

4) Байқау материалдарын баспасөзде жариялайды;

5) Байқау туралы толық мәліметтерді  www.azretsultan.kz сайтынан алуға болады.

VI. БАЙҚАУДЫҢ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ МЕН ОҚУШЫЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

6.1  Қазылар құрамына қойылатын талаптар:

  1. Қазылар алқасы 5 адамнан тұрады.
  2. Ұйымдастырушы орган – «Әзірет Сұлтан»  музей-қорығы директоры немесе оның  орынбасары байқау қазыларының төрағасы болып табылады.

6.2  Байқауға қатысушы оқушыларға қойылатын талаптар

  1. Әр облыстан және Астана мен Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан алдын-ала іріктеуден өткен 5 оқушы Республикалық байқауға қатысады.
  2. Республикалық байқауға қатысу туралы өтініш облыстық және қалалық білім бөлімдері арқылы ұйымдастыру комитетінің мекен-жайына (төменде көрсетілген) 2024 жылғы 01 сәуірге дейін жіберілуі тиіс.
  3. Сайысқа қатысатын оқушылар сахнаға мектеп этикасына сай келетін формамен шығады.
  4. Байқауға қатысушы оқушыларды жауапты (жетекші мұғалім болмаса білім басқармасының маманы) бір өкілі бастап келуі керек.

VII. БАЙҚАУДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ  МАРАПАТТАУ

  1. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының ашылуы, қорытындысы және қатысушыларды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өткізіледі.
  2. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауының жеңімпаздары дипломдармен,   қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
  3. Дәстүрлі «Ясауитану» Республикалық байқауы бойынша жүлделі орын: бір бас жүлде, бір бірінші, екі екінші, үш үшінші орын, он ынталандыру сыйлығы, бір көрермен көзайымы белгіленеді.

VIII. БАЙҚАУДЫҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ

Бас жүлде – 300 000 (үш жүз мың) теңге.

Бірінші орын (біреу) – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

Екінші орын (екеу) – 100 000 (жүз мың) теңге х 2 = 200 000 ( екі жүз мың) теңге.

Үшінші орын (үшеу) –75 000 (жетпіс бес мың) теңге х 3 = 225 000 (екі жүз жиырма бес мың) теңге.

Ынталандыру сыйлығы (он)  – 50 000 (елу  мың) теңге х 10 адам= 500 000 (бес жүз мың) теңге.

Көрермен көзайымы жүлдесі (біреу) – 50 000 (елу мың) теңге

Барлығы: 1 475 000  (бір миллион төрт жүз жетпіс бес мың) теңге.

IX. БАЙҚАУДЫҢ ШЫҒЫНДАРЫ

  1. Байқауға қатысушылардың келу-қайту жол шығындары өз есептерінен төленеді.
  2. Байқауға қатысушылардың қонақ үйі, таңғы, түскі, кешкі ас-суы, автобуспен тасымалдау ұйымдастырушылар есебінен төленеді.
  3. Қатысушыларға және жетекші мұғалімдерге сертификат беріледі.

Республикалық байқауды ұйымдастыру комитетінің мекен-жайы:

Түркістан қаласы, Әйтеке би, 1 Б.

Тел/ факс: 8 /72533/ 3-23-00,

е.mail: azret-sultan@mail.ru, baybol81@mail.ru,

веб-сайт:  www.azretsultan.kz

 

 

Алдыңғы ақпарат

«Ясауитану 2025» байқауының сұрақтары

Келесі ақпарат

МҮСІН, VІ-VІІІ ғғ.