«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ САҚТАЛҒАН «МЫҢ БІР ХАДИС» КІТАБЫ ЖАЙЫНДА

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жазба ескерткіштер қорында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) — тің «Мың бір хадис» атты кітабы сақтаулы. Кітап түркі тілінде, Қазан қаласында 1906 жылы «Каримовтар» баспаханасында басылған. Бұл кітапта Пайғамбарымыз Мұхаммедтің 1001 хадисі толық жазылған, 103 беттен тұрады, жақсы сақталған.

Екі дүние сәруары, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у) Аллаһтың елшісі, пайғамбарлардың ең мәртебелісі және соңғысы. Оның айтқан сөздері хадис деп аталады. Бұл ілім ғұламалар арқылы бізге келіп жеткен. Елшіміз өз хадистерінде адамзат баласын жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейтін өсиеттер қалдырған.

«Хадис» дегеніміз ( араб тілінде «хадисун» көпше түрі «ахадис») — хабар, сөз, уағыз деген мағыналарды береді. Бұл ғылым Құран Кәрімнен кейінгі маңызды құжат болып табылады. Ол Пайғамбардың сөзі болғандықтан оған әлдекім өз тарапынан сөз қоса алмайды. Хадис орта ғасырдан бізге жеткен ең құнды араб жазба еңбектерінің бірі. Бұл ғылым сонау Пайғамбарымыз өмір сүрген 6 ғасырдан бастау алады.

Ислам ғұламалары хадис ғылымына терең үңіліп оның әрбір саласын зерттеген. Мұнымен қатар оның жету жолдары мен дұрыс-бұрыстығын анықтап отырған. Мұсылман қауымы күнделікті тіршілігінде, барлық діни жол-жоралғыларды хадиске сүйене отырып атқарады. Мысалы: сәби дүниеге келген күннен бастап, соңғы өміріне дейінгі іс- әрекеттер хадис арқылы жүзеге асырылады. Оларға тоқталар болсақ азан шақырып ат қою, құрбандық шалу, сүндетке отырғызу, дәрет алу, жаназа шығару және тағы басқа.

Елшіміздің хадистерінен аздаған мысал келтірер болсақ: «Әлбетте әрбір іс-әрекет адамның ниетіне байланысты. «Егерде кез-келген кісінің ниеті Аллаһ үшін, пайғамбардың шапағаты үшін болса, онда сол ниетіне жетеді. Егер адамның ниеті дүние табу немесе үйлену болса, олда сол ниет мақсатына жетеді», — дейді. Мұнан түсінеріміз «әрбір іс ниетке байланысты», яғни кім нені тілесе соған жетеді деген сөз. Дүниелік және ақыреттік, көрінген және көрінбеген іс болсын әрбір іс ниетке қарай жүзеге асады. Ниетсіз болған іс пен сөз босқа кетеді, оның мән-мағынасы болмайды дейді.

— «Ғылымның өлімі есте сақталмағандығы және қызықпайтын адамдарға үйретіп, зая кетіру».
— «Мұнафық (екі жүзді) кісінің үш белгісі болады. Бірінші мұнафық адам сөйлегенде өтірік айтады. Екінші уәде берсе уәдесінде тұрмайды, Үшінші аманатқа қиянат етеді» деген.
— «Егер көңіліңіздің жұмсақ болуын қаласаңыз жетімдерге шапағат етіңіз, оларға мейірімділік жасаңыз, олардың бастарынан сипаңыз, оларға тағамдарыңыздан беріңіз, сол уақытта көңіліңіз тыныш болады және осы жасаған әрекетіңіз үшін Алла Тағала қажетіңізді береді» деген.
— «Алладан қорқыңыз ол тыйған нәрселерден тыйылыңыз, тек Алла Тағала рұқсат берген нәрсені ғана орындаңыз» деген.
— «Алла Тағаладан қорқып, оған қарсы келуден сақтанып, балаларыңызды әділ, турашыл етіп тәрбиелеңіз».
— «Мүмкіндік болса бір құрманың жартысындай болсада оттан сақтаныңыз, өзіңіз бен жәһаннам арасында перде болуы үшін азғана нәрсені таба алмасаңыз, жақсы жылы сөз айтыңыз, егерде бір кісі сізден бірнәрсе сұраса сараңдық қылмай қолыңыздан келгенше жақсылық жасаңыз» деп өсиет қалдырған.

Міне, қарап тұрсақ қай мәселеде болмасын Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыз әділдік пен туралықты, жұмсақтықты, мінездің көркем болуын қалаған әрі оны бұйырған. Оның бұл өсиеті біздің тура жолда жүруіміз бен адасушылыққа тап болмауымыз үшін қалдырған аманаты.

Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙДІҢ 40 ЖЫЛДЫҒЫНА ҚҰТТЫҚТАУ! ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ ЖАРҚЫНБЕК

Келесі ақпарат

Сауран қалашығы