
ТАРАЗДА «КҮЛТӨБЕ ҚАЛАЖҰРТЫ — КӨНЕ ТҮРКІСТАН ТАРИХЫНЫҢ БАСТАУЫ» КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» ескерткіштері мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Күлтөбе қалажұрты – көне Түркістан тарихының бастауы» атты көшпелі көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрме аясында келушілер назарына 188 дана Күлтөбе қалажұрты аумағынан табылған археологиялық және нумизматикалық жәдігерлер, ғылыми реконструкциялар, фотоматериалдар және тарихи-танымдық деректер көпшілік назарына ұсынылды.

Жиынға «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары С.Темірлан, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Н.Мергенбай, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының жетекшісі Қ. Дәуешов және зиялы қауым өкілдері мен музей саласының мамандары қатысты.

Экспозицияда Күлтөбенің негізі б.з.д. II ғасырда қаланғанын айғақтайтын бірегей олжалардың бірі – Хувишка I тұсында соғылған Кушан мемлекетінің тиыны қойылды. Сонымен қатар XIV–XV ғасырлардағы қалалық мәдениеттің дамуын көрсететін кәріз құбырлары, Түркістанның қазақ хандарының астанасы болғанын дәлелдейтін құнды жәдігер – Жәңгір хан дәуірінде соғылған тиын, бүгінге дейін жақсы сақталған асүй ыдыстары, XVII–XVIII ғасырларға жататын балалар ойыншығы – үскірік және құмырашылар пайдаланған құралдар көрермен назарына ұсынылды.

Жыл басынан бері Созақ ауданында басталған көшпелі көрме Петропавл, Жезқазған секілді ірі қалаларда жалғасып, Тараз қаласында қорытындыланды. Көрме алдағы бір ай бойы жалғасып, келушілер назарына ұсынылады.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.