
Бүгін, 2026 жылдың 17 сәуір күні «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Ясауи музейінің мәжіліс залында «Қорысбай баба тұлғасы: тарихи деректер мен шежірелік негіздеме» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларынан келген Қорысбай баба ұрпақтары алдымен бабалар рухына арнап құрбан шалып, одан әрі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне арнайы ат басын бұрып, зиярат жасап құран бағыштады. Зияраттан шыққан қонақтар лек-легімен Ясауи музейін бетке алды.

Дөңгелек үстелге Қорысбай баба ұрпақтары, Шымкент қаласынан келген А.Ахметов бастаған арнайы топ, «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан қалалық филиалының бір топ өкілдері, Қазақстан Республикасы аударыспақ федерациясының өкілдері және музей-қорық қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелді Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология институтының» ғылыми қызметкері Ж.Мазиев жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстелді музей-қорықтың «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы С.Моллақанағатұлы ашып, Қорысбай Тәңірбергенұлының ұрпағы Астанадан деллегацияны басқарып келген мемлекет және қоғам қайраткері Әбілхакім Ақмағанбетұлы Ақмырзинге «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №8 Ғылыми кеңесі отырысының қаулысына сәйкес, Арғын, Қуандық, Тоқа Қорысбай Тәңірбергенұлы (туған жылы белгісіз – 1833 жылы қайтыс болған) Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне енгізілгендігін растайтын анықтаманы табыстады. Онан соң баяндамашыларға сөз кезегі ұсынылды. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбілхакім Ақмағанбетұлы Ақмырзин, Қорысбай баба ұрпағы Тулеушин Аманбай Тулеушинұлы, Түркістан облысының «Құрметті азаматы» А.Ахметов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми зерттеу орталығының басшысы Б.Сайфуновтар түрлі тақырыптарда тұшымды баяндамалар жасады.
Берік БАЙБОЛ, Ғылыми зерттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы.