Түркістан өлкесіндегі археологиялық зерттеулерге арналған онлайн-дәріс өтті

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі онлайнда тікелей көрсетілімдерін жалғастыруда.

«Түркістан өлкесіндегі археологиялық зерттеулер» атты алғашқы онлайн-дәрісті қорық-музейдің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог  Марат Тұяқбаев өткізді.

«Түркістан қаласы мен алқабы археологиялық тұрғыдан 1893 жылдан бері зерттеліп келеді. Археологтар бұл уақыт аралығын — Ресей ғалымдары, Кеңес Одағы ғалымдары және Тәуелсіздік тұсындағы зерттеулер деп үшке бөледі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеу 1865 жылдан басталды. Ал онда жүргізілген жөндеу жұмыстары Абдулла хан (1582-1598 жж.) тұсынан бері жүргізілуде. Нақты ғылыми реставрациялық жұмыстар 1928 жылдан басталды. Қазіргі кезде 11-ші жөндеу және реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деді Марат Қымызұлы онлайн эфирде.

Археолог тікелей көрсетілім барысында Түркістан қаласын зерттеу, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу аясында анықталған тарихи деректер, қазба жұмысының маңызы жөнінде әңгімелеп, көрермен сауалына жауап берді.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қорық-музейдің фейсбуктегі ресми парақшасында өтетін онлайн дәрістер мен шолуларға Түркістан тарихына қатысты зерттеулер жүргізген елімізге белгілі ғалымдар мен тарихшылар, археологтар, тарихи жәдігерлерді күтіп-баптау ісіндегі тәжірибелі мамандар қатысатын болады.

Сондай-ақ, тарихи жәдігерлерді (мата, керамика, ағаш, т.б.) сақтау, қорғау және қалпына келтіру жұмыстары бойынша халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының мамандарымен де шеберлік сабақтарын ұйымдастыру ісі де жоспарланған.

Ал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводтары тарихи орындар мен жәдігерлер туралы онлайн экскурсия ұйымдастырып, оқырмандармен тікелей эфир арқылы байланыс орнатқан.

Алдыңғы ақпарат

Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген онлайн отырысы өтті

Келесі ақпарат

ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР