
Қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдары – бүкіл ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы. Әр халықтың мәдениеті оның тұрмыс-салтымен, дәстүрімен, ұлттық болмысымен, этнографиялық ой-танымымен және табиғи ортасымен тығыз байланыста дамып отырады. Қазақ қолөнерінің асыл мұрасына жататын бірегей туындылардың қатарында, көбінесе, әйелдердің әшекей бұйымдары ерекше орын алады. Нәзік жандылардың әрін аша түсетін, сымбатын айқындайтын, әсем киімі мен талғаммен тағылған сәндік бұйымдары олардың көркіне көрік қосады.
Қазақ қолөнерінің негізгі туындыларының бірі – тана. Ол сәндік үшін бас киімге, жағаға, омырауға және әйел киімдеріне тағылады. Этнограф-жазушы Жәрдем Кейкінің «Қазақы атаулар мен байламдар» кітабында: «Тана – қыздардың тақиясына, бөркіне, жағасына тағылатын асыл тастан жонылған не таза күмістен соғылған түйме тәрізді дөңгелек сәнді бұйым» деп көрсетілген.
Тана – түймеге ұқсас, бірақ одан үлкендеу, көбінесе дөңгелек формалы, жалтырақ әшекей. Оны халық арасында көз тимесін деген ниетпен де таққан. Зергерлер тананы күмістен, кейде сүйектен жасаған. Күмістен жасалған тананың бетіне сіркелеу, кавказдау, безендіру, шекіме тәсілдерін қолданып, лажылау әдісімен ою-өрнек түсіріп, ортасына тас орнатады.
Тана материалы мен жасалу технологиясына қарай түрлі атаулармен аталады: «ақық тана», «күміс тана», «алтын тана», «сүйек тана», «сіркелі тана», «көз тана», «танакөз», «танасу». Мысалы:
«Ақық тана» – ақық тастан көз орнатылып жасалған тана;
«Күміс тана» – асыл тасты көзі жоқ, бірақ ою-өрнекпен әшекейленген күмістен соғылған тана. Түсіне қарай «ақ тана» деп те аталады;
«Алтын тана» – алтынмен апталған тана;
«Сүйек тана» – сүйектен жасалған тана;
«Сіркелі тана» – ою-өрнегі сіркеленіп салынған тана;
«Танакөз» (шыныкөз) – көйлекке қадайтын кішкене ақ түйме;
«Танасу» – жалпақ сәнді түйме.
Таналарға әдемілік үшін жапырақша, гүл, геометриялық өрнектер түсіріледі.
Бала алғаш рет өз бетімен бір жұмысты бітірсе, жеңгелері, ауыл әйелдері, туған-туыстары оның киіміне тана тағады. Бұл — баланың алғашқы ісін қолдап, құптаудың белгісі. Тана тағылған баланың шешесі тана таққан әйелдерге арнап қазан көтеріп, «танатағар» деп аталатын сый-тамағын береді. Жиналған жұрт балаға ақ тілектерін білдіріп, қариялар батасын береді.
Қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша, құда түсуге байланысты кәделердің бірі де осы әшекей бұйымның атымен «танатағар» деп аталады. Бұрын қалыңдық айттырып, құдалыққа келіскен кезде, салт бойынша жігіттің ата-анасы болашақ келіннің құлағына ел алдында сырға салған немесе тана қондырылған үкі, үкілі шоқ таққан, сондай-ақ моншақ не білезік сыйлаған. Бұл бұйымдардың қай-қайсысы да қыздың айттырылғандығының белгісі, басының бос еместігінің нышаны болып есептелген. Тағылатын бұйым түрі әртүрлі болғанымен, бұл үрдіс ежелден «сырға тағу», «үкі тағу», «танатағар» деп аталған.
Осындай XIX–XX ғасырларға жататын зергерлік әшекей бұйымдардың бірнеше үлгісі «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорында сақтаулы. Жалпы, халық шеберлері зергерлік бұйымдар жасағанда адам баласының әсемдікке, сұлулыққа, нәзіктікке деген құштарлығын өз туындыларында көрсете білген.
Айгүл Үркінбаева, ғылыми қызметкер.