
Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы бастамасымен 2026 жылдың 23–24 сәуір күндері Түркістан қаласында өтетін мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану-2026» республикалық байқауына тіркеу жұмыстары басталды. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген жас қатысушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, Ясауи музейіндегі құнды жәдігерлер таныстырылды.

Ауқымды шараның басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы қазақ халқының рухани тұтастығын дәріптеу, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең танып-білуге және ғылыми тұрғыда зерделеуге ынталандыру. Сонымен қатар, байқау жас буынның зияткерлік деңгейін арттырып, Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың тағылымды өмірі мен өнегелі қызметін олардың санасына сіңіруді көздейді.

Биыл жиырма сегізінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық додаға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 70-ке жуық оқушы қатысуда.

Айта кетейік, байқаудың негізгі бөлігі 2026 жылдың 24 сәуір күні сағат 10:00-де Түркістан қалалық Мәдениет үйінің үлкен концерт залында басталады.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.