
Халықаралық ғылыми-тәжірбиелік семинарында, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі эпиграфикасындағы дүниетанымдық модель және рухани кемелдену үдерісі» тақырыбында баяндама оқыды.

Орталық басшысы өз баяндамасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қасбет эпиграфикасында дүниетанымдық модельдің құрылымы мен мазмұнын ғылыми тұрғыда зерттеу және талдау қажеттілігіне тоқталды. Кесененің эпиграфикалық жазбаларындағы мән-мағынасы кемел адам болу сатысының кезеңдерін көруге болатынын атап өтті. Кесенедегі жазуларлың семантикалық, символикалық және рухани-философиялық қырларының ерекшелігінің маңыздылығын түсіндірді.

Эпиграфикалық мәтіндер арқылы көрініс табатын сопылық ілімнің негізгі ұстанымдары, адамның рухани кемелдену үдерісімен сабақтастығы айқындалатынын, жазбалардың тарихи-мәдени контексті мен олардың түркі-мұсылман дүниетанымындағы орнын атап өтті. Кесенедегі эпиграфиканың тек көркем безендіру элементі емес, терең мағыналық жүктемеге ие рухани-танымдық жүйенің айқын бейнесі екендігін түсіндірді.
Г.Көшенова, Ясауитану ғылыми орталығы Ғылыми аналитика және халықаралық байланыстар бөлімі басшысы.