НАЙМАН, БАЛТАЛЫ ҮСЕН БИ

Найман, балталы Үсен би XVIІI ғ. екінші жартысында туып, ХІХ ғасырдың басында дүниеден өткен. Шежіре бойынша — Найман-Елата-Серікбай-Кетбұға-Балталы-Ақтай-Жалайыр-Жәрменбай-Мардан-Тәжі-Ибас-Таңатар (Асан)-Қылы (Құли би)-Жарасбай-Жәлменбет-Үсен би. «Қазақ шежіресі», Алматы, 1994 – 125-126 бб.
Үсен бидің сүйегін де Сарыарқадан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы алып келіп жерлеген екен. Деректерге сүйенсек алпыс шұбар атпен арнайы көш жабдықталған. 1856-1857 жылдары Ш.Уәлиханов жазып алған «Көкетай ханның өлімі мен асы» жырында «Әр атаның баласына алабас жорға мен шұбар ат беруім керек, асқа сойылған малдың етін мүшелеп-мүшелеп жасына қарай бөліп беруім керек» деген тұстарына назар аударсақ, шұбар ат беру дәстүрінің елдің әдет-ғұрыптарында бұрыннан қолданылғанын байқауға болады. Сонымен бірге, бидің қазасын жоқтаған жоқтаулар айтылып, ол ел арасына таралып, соңғы кезге дейін айтылып келген. Үсен бидің ұрпақтарының айтуынша, бидің басына қойылған құлпытасты 1956 жылы кесененің оңтүстік порталы қақпасы астынан көргендер болыпты. Үсен би ұрпақтарының шежіресінде «Атамекен қонысы Есіл – Атбасар – Қараөткел деген жерде» деп айтылады. Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген найман, оның ішінде балталы Үсен би ұрпақтарының шежіре таратуына сүйенсек, би 1750 жылы дүниеге келген. Атасы Құли бидің 1640 жылы туылғандығын, егіздің сыңары болғанын шежіреден көруге болады. Құли бидің сыңары Асаннан ұрпақ қалмаған. Құли бидің ұрпақтары «Бөлек», «Бөлекше ана» деп қадірлеген аналарынан тараған ұрпақтары, атап айтқанда Құли бидің ұлы Жарасбайдың ұлы Жәлмамбеттің баласы Үсен өз кезеңінде ділмар шешен, би болып, қазақ жұртына танылған. Елі ардақтап, киелі жерге әкеліп жерлеуінің де оның қоғам үшін сіңірген еңбегін паш еткендей. Құлидың Бөлекше анадан басқа Қарашаш анадан тараған ұрпақтары да бар. Үсен бидің дүниеге келіп, өмір сүрген ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін күрделі саяси экономикалық жағдайда өткенін ескерсек бидің рөлі арта түспек.
Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы құрылғылар орнатылды

Келесі ақпарат

Асхат Оралов Мұрат Әуезовті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады