МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МУЗЕЙ ҚОРЫ 50-ДЕН АСТАМ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұйымдастыруымен Жұма мешіті музейінде «Музейге сый» акциясы өтті. Мәдени-көпшілік шараның шымылдығын «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбеков ашып, дүйім жұртты 18 мамыр – Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, музейге сый акциясының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, музей қорына жәдігерлерін өткізген қонақтарды арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Аталмыш шарада т.ғ.д., профессор М.Қожа мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Жәнібековтің Түркістан облысы, Созақ ауданында өткен жиналыста түскен бірегей фотосуреті мен нағашы әжесінің киіз бетіне ою салған ер тоқымын музей қорына сыйға тартты. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының алғашқы қор сақтаушысы әрі директоры қызметін атқарған О.Дастановтың зайыбы Ж.Орынбасарова музей қорын құнды кітаптармен, бірегей фотосуреттермен толықтырды. Созақ ауданы, Шолаққорған ауылынан арнайы келген А.Шоңғараев бабаларынан қалған құнды қолжазба кітаптарды сыйлады. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты «Археология» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері М.Амантұров сандал ошағының столын табыстаса, Сауран ауданы, Қаражон ауылының тұрғыны С.Құрманов жүкаяқ пен тоқыма кілемін, Майдантал ауылының тұрғындары Қ.Арынова жіп иіруге арналған ұршығын, Ұ.Бектасова тағам салуға арналған пәтнусын, К.Абылаева кебежесін, Г.Исмаилова диірмен мен ұршықтың басын, Б.Ералиева екі дана май шамдарын музей қорына табыстады.
2023 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезінде жүргізілген тазалық жұмыстары кезінде табылған Әмір Темір дәуірінің тиындары, ұстаның бәкісі, Ескі Түркістан қаласынан кездейсоқ табылған құмыралар, музей қызметкерлері М.Тұяқбаев пен Н.Таңатровтардың этнографиялық бұйымдары да музей қорын толықтырды.
Шарада халықтың қолынан жиналған этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық, жазба ескерткіштері музей қорына сый ретінде қабылданып, келген қонақтарға «Сыйға берілген жәдігерлер» көрмесі таныстырылды. Көрме экспозициясына музей қорынан 100-ден аса жәдігерлер қойылды. Көрме бір ай келушілерге қызмет жасайды.
Б.Байбол, бөлім басшысы.
Алдыңғы ақпарат

18 мамыр – Халықаралық музей күні

Келесі ақпарат

«СЫР САНДЫҚ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ САЙЫСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ