Мұхаммед Ханафия — Ислам нұрын жеткізушінің бірі

Орталық Азия түркілері пір тұтатын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өзі де осы Ханафия ұрпағы екенін ескере кеткеніміз жөн. Тарихи шежірелерде «Үрім-Қайсар патшасымен (Византия) болған соғыстардың бірінде Әзіреті Әліге қарсы бір жас жігіт жекпе-жекке шығыпты.

Сайыс барысында Әлінің зұлфыхары жігіттің басындағы дулығасын ұшырып түсіреді. Сол кезде бірнеше өрім бұрым толқып арқасына түскенде барып оның қыз екенін Әлі де аңғарып қалады. Екеуі пайғамбар алдына барған уақытта қыздың Үрім-Қайсар патшасының қызы екендігі, атының Ханафия екендігі т.б. белгілі болады. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбар екеуін қосыпты, қыз христиан дінінен бас тартып, мұсылман болыпты делінеді. Әліге шығар алдында қыз пайғамбарымызға бірнеше шарт қойса керек: «біріншіден, өкіл қыз етіп аласыз, оған Фатиманың өзінің ықыласы болсын, екіншіден менен тараған ұрпақ та Бибі Фатимадан тараған ұрпақпен бірдей сайид әулеті атансын», үшінші ұл тусам сіздің атыңызды қосақтап Мұхаммед Ханафия деп қойылсын. Осы шартқа байланысты туған балалар да сайид атанады. Олардың ішіндегі ең атақтысы Әлі мен Ханафияның үлкен ұлы – Мұхаммед Ханафия дейді аңыздар. Жоғарыда баяндалған оқиға қазақ арасында кеңінен тараған  Әзіреті Әлі қиссаларында өлең тілімен өрілген. Біздің заманымыздың VIII ғасырында қазақ жеріне ислам дінін тарата келген араб жауынгерлерінің басшысы осы Мұхаммед Ханафия мен оның серіктері Мүслим ибн Құтайба, Құсам ибн Аббас, Үкаша ибн Михсон т.б. еді. Арабтың осынау атақты қолбасшылары туралы тарихи әдебиеттерде деректер аз емес. Сонымен қатар осы аталған тұлғалар есімдері қазақтың Қаратау-Түркістан өлкесіндегі бірнеше жер-су атауларында әлі күнге дейін кездеседі (Үкаша ата құдығы т.б.). Солардың бірінде қазіргі Хазірет Сұлтан кесенесінің орнында Мұхаммед Ханафия ат шалдырып, тынығыпты деп аңыздайды ел. Қазақ аңыздары Имам Мұхаммед Ханафияның да өзінің қаруластары сияқты Қаратау қойнауына жерленгенін баяндайды. Олардың өліміне себепші болған исламды қабылдағысы келмеген отқа табынушы мық және тарса қауымдары. Кей аңыздар Мұхаммед Ханафияның жерленген жерін Созақ пен Түркістан арасын жалғап жатқан Суындық асуында деседі. Сондай-ақ, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Мұхаммед Ханафия ойығы тұрған жермен байланыстырады. Қалай болғанда да қазақ қожаларының түп атасы, Ахмет Ясауидің арғы бабасы — Имам Мұхаммед Ханафия араб жерінде туғанымен өзіміздің Қаратау баурайында қайтыс болғанға ұқсайды.

Хазірет Мұхаммед Ханафияның алғаны Оспан (Осман) шадиярдың қызы Бибі Шамсия екен дейді. Одан алты ұл тауыпты – Әбу-Хашим, АбдАллах, Жағыпар, Шаһмансұр, Абд әл-Фаттах, Әбд әл-Маннан. Орта Азия мен қазақ жеріне кең етек жайған қожалардың көпшілігі өз генеологиясының бастауын осы Әбд әл-Фаттахтан алады. Хазірет Сұлтан: «бабамның аяқ жағында жатайын» деуінде де сыр бар. Бұл тұрғыда Ахмет Ясауи хикметтеріндегі мына бір тұсқа ден қоюға болады.

Алдыңғы ақпарат

Кимешек, ХХ ғ.

Келесі ақпарат

Гаухар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығының құрылысы басталды