Министрлік шет мемлекеттерде және елімізде жоспарланған мәдени, спорттық іс-шараларды шектеді

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен брифинг өтті.

Министр елде коронавирус індетіне қарсы шаралар қолға алынып, арнайы құрылған Мемлекеттік комиссия жұмысын бастаған сәттен Мәдениет және спорт министрлігі шет мемлекеттерде және елімізде жоспарланған мәдени, спорттық іс-шараларын шектеп, қауіпсіздікке баса мән бергенін, спортшылар мен өнер қайраткерлерінің шет елдерге шығуына дер кезінде тоқтау қойып, барлық ел азаматтарын сақтық шараларына назар аударуға шақырғанын баяндады.

«Төтеннен келген бұл індет қазір тек Қазақстан емес, барлық әлем жұртын жұмыс жоспарына, өмір сүру дағдысына өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, алдағы іс-шаралар жоспарын бекітіп берді.

Бұл шаралардың тиянақты орындалып, еліміздің осы бір қысылтаяң шақтан шыңдалып, қиналмай шығуына мәдениет пен өнер, спорт және туризм өкілдері де белсене атсалысатынын жеткізгім келеді. Президент айтқан қолдаулар қоғамның барлық саласын қамтитынын, қиын сәтте ешкімнің назардан тыс қалмайтынын көріп отырмыз,»-деді А.Райымқұлова.

Мəдениет жəне Спорт министрлігі елде төтенше жағдай жарияланған күннен өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқадағы жұмыс тәртібіне көшкен.

«Барлық республикалық театрлар кестеге сәйкес, күн сайын қойылымдарын онлайн-режимде өз сайттарында, Youtube арналарында және әлеуметтік желілерде көрсетеді.

Жалпы республика бойынша мәдениет мекемелерінің қызметкерлерінің 80% 16-наурыздан қашықтан жұмыс режиміне ауыстырылды.

Күн сайын таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін мәдениет пен спорт өкілдері қазақстандықтарға үйден шықпай бой жазу жаттығуларын жасап, түрлі кездесулер, онлайн-лекциялар, оқып келеді. Кешкі уақытта мәдениет майталмандары көрермендерімізге әсем әндері мен әуезді күйлерін, кино және театр қойылымдарын тарту етуде,«-деді министр.

Сонымен қоса, Ақтоты Райымқұлова 23-наурыздан министрліктің бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы жұмыс тәртібі бүгінде жалғасып, қазір жергілікті өнерпаздардың қатысуымен шалғай аудандарда да онлайн-кездесулер, лекциялар, концерттер өтіп жатыр. Соңғы 10 күн ішінде 600-ге жуық онлайн нұсқада шаралар өткізілгенін тілге тиек етті.

«Бұл ретте басталғанына көп болмаса да, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген жобамыз – «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-концерті туралы ерекше тоқталып өткім келеді. 23-наурыз күні алғашқы саны эфирге шыққан бұл жобаны «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Қазіргі карантин жағдайына қарамастан өнерімен ел аузында жүрген әртістеріміз тыңдарманнан алыстамай, өз өнерлерін Live форматында ұсынады. Кеш барысында қазақстандықтар әлеуметтік желілер арқылы өнер жұлдыздарымен тікелей сұхбаттасып, ой-пікірлерін білдіре алады,»деді ол.

Айта кетейік, жобаны қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен, әсем әуенді әндерімен көрерменнің ықыласына бөленген өнер иесі Жұбаныш Жексенұлы бастап берді. Одан кейін Жеңіс Сейдуллаұлы, Ғаділбек Жаңай, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева өнер көрсетті.

«Роза Қуанышқызының өнерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, жезтаңдай әншімізге, барша өнер қайраткерлеріне алғысын білдірді. Бұл – бізге үлкен абырой жүктейтін зор жауапкершілік дер едім,»-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Еске сала кетейік, көпшілік көрерменнің сұрауы бойынша Қазақстанның халық артисі «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында бүгін, өзінің екінші онлайн-концертін ұсынады.

Алдыңғы ақпарат

Ақтоты Райымқұлова: Елдің саулығы жолында жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген дәрігерлер қауымына зор алғыс

Келесі ақпарат

Шауғар-Шойтөбе қаласы, ІІ-ІІІ – ХІІІ ғғ.