МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Менің құрдастарым» романы: идея, кейіпкер, заман» атты дөңгелек үстел өтті

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Кеңсе ғимаратында көрнекті қаламгер Саттар Ерубаевтың шығармашылығына арналған «Менің құрдастарым» романы: идея, кейіпкер, заман» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Тағылымды жиынды музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жүргізді. Аталған іс-шара музей-қорықта жыл бойы жалғасатын кітап оқу жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде жыл соңына дейін арнайы бекітілген әдебиеттер тізімі бойынша кітаптар оқылып, ай сайын түрлі танымдық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Іс-шараның ашылуында тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым, археолог Марат Тұяқбаев сөз сөйлеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Саттар Ерубаевтың мол әдеби мұрасын кеңінен сөз етті. Ол жазушы еңбектерінің ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына болып келе жатқанын атап өтіп, дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталды. Тағылымды кездесуге кітапханашылар, тарихшы-ғалымдар және музей-қорықтың әр бөлімінде қызмет атқаратын мамандар қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын жан-жақты талдау арқылы оның идеялық, көркемдік және философиялық мәнін ашу, сондай-ақ шығарма кейіпкерлері негізінде ХХ ғасыр басындағы қазақ жастарының рухани әлемін терең тану.

Танымдық кеш музей-қорықтың баспасөз хатшысы Азамат Әлібектің Саттар Ерубаевқа арналған «Жарық жұлдыз» өлеңімен бастау алды. Дөңгелек үстел барысында музей-қорық қызметкерлері мен сала мамандары романға қатысты мазмұнды баяндамалар ұсынып, кештің мәнін арттыра түсті. Атап айтқанда:

  • «С. Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің» ғылыми қызметкері Ердос Қонысов «Саттар Ерубаевтың тұлғасы және шығармашылығы»;
  • Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №10 кітапхана филиалының меңгерушісі Индира Алишова «Менің құрдастарым» романындағы заман шындығы мен еңбек адамының бейнесі»;
  • Музей-қорықтың қор сақтау және есепке алу бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Толқын Жолдасов «Менің құрдастарым» романы – бір дәуірдің айнасы»;
  • «Ясауитану» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Сұлтан Байсеит «Менің құрдастарым»: махаббат пен достық эстетикасы»;
  • Экспозиция және көрме қызметі бөлімінің мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Тамара Бердібек «Құрдастар» ұғымы»;
  • Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу бөлімінің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы Бекназар Құрбан «Роман кейіпкеріне талдау»;
  • Экскурсиялық қызмет бөлімінің экскурсия жетекшісі Ақбота Төребек «Менің құрдастарым» романы: оқырман күткен финал»;
  • Экскурсиялық қызмет бөлімінің экскурсия жетекшісі Айшанұр Алиева «Менің құрдастарым» романы: оқырман көзқарасы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Баяндамалардан кейін қатысушылар Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын қызу талқылап, шығармадағы кейіпкерлер тағдыры, идеялық бағыт пен көркемдік ерекшеліктер жөнінде ой бөлісті.

Іс-шара соңында музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков пен Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Берік Байболов қорытынды сөз сөйлеп, кітап оқу мәдениетін дамыту мен ұлттық әдеби мұраны насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Саттар Ерубаевтың бай шығармашылық мұрасын дәріптеу, оның артында қалған рухани қазынаны кеңінен насихаттау – әрбір саналы ұрпақтың қасиетті парызы.

Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында инклюзивті оқу кабинеті ашылды

Келесі ақпарат

Шайх Ахмад б. Худайдад Таразидің «Фунун ал-балаға» атты еңбегіндегі Науа’иға жол ашарлары: XV ғасырдағы Орталық Азия әдеби мәдениетінің ұмытылған бір дереккөзі