МҰҚЫМ АТА

Мұқым ата мазары Қарнақ ауылында орналасқан. Қарнақ туралы дерек Махмұд Қашғаридың «Диуани Лұғат ат-түрік» еңбегінде кездеседі. Мұқым ата Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың немересі. Мұқым ата Қарнаққа ХVІ ғасырдың ортасында келеді. Бір күні Мұқым ата Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауидің қабіріне зиярат ету үшін келеді. Тұрғылықты мекен оған қатты ұнап, осы жерде мәңгіге қалғысы келеді. Мұқым ата Махлик аралын қазып жатқан Қарнақ ауылының Тінәй руының бір топ адамдарынан Түркістанда қалуға өтінішін білдіреді. Алайда, бұл адамдар келісімін бермейді. Сонда Мұқым ата, бар дауысын көтеріп: «Қазып жатқан арықтарың құмға толсын!» деп жүріп кете береді. Келесі күні келіп қараса арықтары құмға толып қалыпты. Сонда әулеттің үлкендері Мұқым атаның айтқан сөзі естеріне түсіп, оның жай адам емес екенін түсінеді. Сөйтіп ол кісінің артынан қуғыншылар жібереді. Бұл уақытта Мұқым ата сапарын жалғастыра отырып, Құлбашы және Қарасу бұлақтарына жетеді. Бұл жерге тоқтағысы келеді, алайда бір үлкен жыланның бір бұлақтан екінші бұлаққа өтіп жүргенін көріп өтіп кетеді. Қуғыншылар Мұқым атаны Жанатасқа жақын жердегі Қарынғұр деген жерде қуып жетеді. Алғашында Мұқым ата кері қайтуға келісімін бермейді. Кейіннен келісімін бере отырып, бір шарт қояды: Жарайды, сендермен барамын, бірақ аттың үстінде емес, сендердің арқаларыңа мініп барамын дейді. Мұқым ата жеңіл денелі адам болған соң, оны кішкене бір дорбаға салып, Қарнаққа дейін кезек пен кезек алып барыпты.
Марат ТҰЯҚБАЕВ, археолог, т.ғ.к.
Алдыңғы ақпарат

Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және Германия азаматтары қаңтар айының басынан бері Қазақстанға келген ТОП- 10 мемлекет туристері қатарына енді

Келесі ақпарат

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Астанада Бейбарыс сұлтан атындағы көше ашылды