Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында Бейбарыс сұлтанға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

24 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында да «Бейбарыс сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Мысырдың ұлы қолбасшысы мен билеушісінің 800 жылдығына арналған іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің белсенді қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Конференцияға министр Асхат Оралов қатысты.

Қонақтардың құрамы мен талқыланатын тақырыптардың ауқымы әр түрлі болды. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар Бейбарыс сұлтанның тарихтағы орны мен көркем болмысы,  Мысыр билеушісі туралы замандастарының жазбалары және басқа да ғылыми еңбектерге сүйене отырып дайындаған зерттеулерін таныстырды.

«Баяндамашылар байыпты зерттеу жұмыстарын жүргізгені анық. Мұндай конференциялар өткен тарихымызды тануға және тарихи тұлғалар туралы тың деректерді білуге мүмкіндік беретіндігімен өте құнды. Біздің министрлік тарихи және археологиялық зерттеулерді барлық жағынан қолдайды. Себебі, мәдени мұраларымызды қалпына келтіру және сақтау — біздің басты міндеттеріміздің бірі», — деп атап өтті Асхат Оралов.

Еуразия ұлттық университетіндегі кездесуден бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі еліміздің басқа да өңірлерінде Бейбарыс сұлтанға арналған бірнеше ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Алдыңғы ақпарат

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Астанада Бейбарыс сұлтан атындағы көше ашылды

Келесі ақпарат

МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ