Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелерінде ауқымды жобалар жүзеге асуда

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев қорық-музейге қарасты Үкаша ата, Жүсіп ата, Гауһар ана кесенелерін аралап, аталған тарихи орындарда атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарын пысықтады.

Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағында қорық-музей мен демеушілер есебінен сапар орталығының құрылысы басталып, аманат капсуласы орнатылған болатын. Сәуір айынан бастап қарқын алған құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда ғимараттың терезелерін орнату жұмыстары басталды. Туристер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы 4 бөлмеден тұрады. Онда әкімшілік, музей экспозициясы, қонақжай, шаруашылық бөлмелері қарастырылған.

Сонымен бірге, тарихи деректерге сәйкес жүзімнің ерекше түрін өсірген Жүсіп атаның сүйікті жұмысын қайта жаңғырту мақсатында ең үздік сұрыпты 12 түрлі жүзім ағашы егіліп, арнайы бақ жасалынған болатын. Сәуір-мамыр айларында егілген жүзім көшеттері жайқалып өсіп келеді. Алдағы уақытта кесенеге келген туристер мен зияратшылар сапар орталығында тарихи орын мен онда жерленген тұлғалар жайлы мәліметтермен танысып, тынығып, бақтағы жүзімнен де дәм тата алады. Сапар орталығын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар, Үкаша ата кесенесі мен автотұрақ аралығындағы жолды бетондау, кесене алдына брусчатка төсеу жұмыстары да қарқынды жүруде. Жол салу жұмыстары 2-3 күн ішінде аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесі жанындағы мешітте жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары маусым айының басында аяқталып, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүйікті сахабаларының бірі Үкаша ата кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштап келген жамағат Аллаға құлшылықтарын мешіт бөлмеде өтей алады.
Абаттандыру жұмыстары барысында даладағы бастырмаларды ретке келтіру, келушілерге жағдай жасау мәселелері пысықталды.

Сонымен бірге, Үкаша ата құдығына келушілерге жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында жаңадан кең бастырма орнатылып, айналасына ағаштар мен гүлдер егілді. Қыс пен жаз мезгілінде келушілерге қолайлы болуы үшін айналасын қоршап, бастырманы сырлау жұмыстары жүргізілуде.

Гауһар ана кесенесі де маңызды нысандардың бірі. Биыл Гауһар ана кесенесінде де сапар орталығы бой көтереді. Бұл бастама атақты ананың атымен аталатын қасиетті бұлақ суына шомылып, дертіне шипа тауып жатқан зияратшылар мен туристерге жағдай жасау мақсатында қолға алынуда. Мұнда қонақжай, музей және насихаттық бөлімдер іске қосылатын болады.

Алдыңғы ақпарат

АҚЫЛДЫ БАСШЫҢ БОЛСА, ЕЛДІҢ АЛДЫ БОЛАРСЫҢ

Келесі ақпарат

Мəдениет комитетінің төрағасы тағайындалды