МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ҚОНАҚТАРЫ КЕСЕНЕГЕ ЗИЯРАТ ЕТТІ

🔹 Бүгін Түркістан қаласында «Банктер және финтех–2026» атты екінші Орталық Азия қаржы-банктік форумы өз жұмысын бастады. Ауқымды жиынға отандық және шетелдік қаржы ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, инвесторлар мен IT саласының мамандары қатысуда.
🔹 Халықаралық форум аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Зергерлік өнер – ұлттық мұра» тақырыбында арнайы көрме ұйымдастырып, келушілер назарына ұсынды. Аталған көрмені музей-қорықтың «Экспозицияя және көрме» бөлімі ұйымдастырып, бөлім басшысы Данияр Садуақасов пен көрме ұйымдастырушы Гауһар Жүзбаева таныстырды. Көрмеге Сидақ ата, Күлтөбе қалашықтарынан табылған б.з.д. XVI ғасырдан бастап б.з. IV–VI және VIII–XII ғасырларға жататын археологиялық жәдігерлер – саптыаяқтар, құмыралар, ұршық бастары, пұт мүсіндер, айналар мен шырағдандар қойылды. Сонымен қатар XIX–XX ғасырлардағы зергерлік бұйымдар: қапсырма, қолтық тұмар, салпыншақ, шолпы, сырға, білезік, жүзік және өзге де әшекейлер көпшілік назарына ұсынылды.
🔹 Форум қонақтары жоспарланған бағдарлама бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экскурсия жасап, тарихи-мәдени жәдігерлермен жақынырақ танысты. Экскурсияны музей-қорықтың экскурсия жетекшілері Берік Абдрасилов пен Нұрсая Төлеміс жүргізді. Сонымен қатар қонақтар Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Есім хан мен Тәуке хан кесенелері және Жұма мешіті мен Қылует жерасты мешіті сияқты тарихи-мәдени орындарды аралады.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.
Алдыңғы ақпарат

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЯСАУИТАНУ – 2026» БАЙҚАУЫ

Келесі ақпарат

XVI-XVIII ғасырлардағы Йасауийа дәстүрінің Дашт-и Қыпшақтағы ықпалы