«Еріктілер жылы» аясында «Ізгі амал» сыйлығы табысталды

Бүгін «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында «Еріктілер жылы» аясында қайырымдылықпен айналысып жүрген еріктілерге «Ізгі амал» сыйлығы берілді.

«Ізгі амал» сыйлығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» ұйымы және «Хабар» агенттігінің бірлескен «Ұлыстың ұлы күні» жобасы аясында табысталды. Бүгінгі іс-шара «Қазақстан» орталық концерт залында көрермендерсіз өтсе де, бұл жоба мереке күндері «Хабар» агенттігінің арналарынан тамашалауға ұсынылады.

«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы атап өткендей, өткен жылдан бастау алған «Ұлыстың ұлы күні» әлеуметтік концерттік жобасы көрермен қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп, биыл да өзінің жалғасын тапты.

— Былтыр жоба аясында әлеуметтік тұрғыдан осал жандарға қайырымдылық мақсатта концертке тегін билеттер табысталып, сыйлықтар берілді. Ал осы жылғы «Ұлыстың ұлы күні» жобасының басты жаңалығы – «Ізгі амал» сыйлығының берілуі. Бұл сыйлықтарды белгілі артистер қайырымдылық жобалармен айналысатын еріктілерге табыстады. Басқаша айтқанда,  өнер жұлдыздары игі істерімен танылған нағыз жұлдыздарға осындай марапаттарды сыйлады. 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жариялануына байланысты, бұл сыйлықтың табысталуы аса өзекті деп білемін. Осы арқылы еріктілердің ерен еңбегі еленіп, үлкен мақсаттарға ұмтылуға серпін берілді, — деді ұйым директоры.

Марапатқа ие болғандардың қатарында: «Danalyq» отбасылық құндылықтар институты; «Біз біргеміз» акциясын бастаған Тұрсынбек Қабатов; «Мейірімділер клубы» еріктілер ұйымы; мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімдеу спорт түрлерін тегін үйрететін «Жас жауынгер» орталығының басшысы Садық Байымбетов; қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып жүрген блогерлер Батыржан Ибрагим, Дәулет Төлеутайұлы және көпшілікке белгілі «Харекет» қайырымдылық қоры бар.

«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Ринат Кертаев:

— «Ұлыстың ұлы күні» — бұл амал мерекесіне және Наурыз мейрамына орай түсіріліп жатқан жоба болғандықтан, жуырда «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Осы жоба арқылы көрермендер Наурызда халқымыздың тарихи және ұлттық дәстүрлеріне қатысты үлкен қойылым негізінде түсірілген керемет шоуды тамашалай алады. Біз осы жоба арқылы Наурыздың тәлім-тәрбиелік сипатын көрсетіп, халыққа, әсіресе, жас буынға өнегесі мол туынды ұсынамыз. Осындай игі жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деп пікір білдірді.

«Ұлыстың ұлы күні» телевизиялық жобасы – барша өнер сүйер қауымға музыкалық мәдениетіміздің озық үлгілерін паш ететін концерт. Концерттік бағдарламаға көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері мен заманауи танымал әндер енген. Сахнада Қазақконцерттің белгілі артистері мен қазақ эстрадасының өнер жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында: «Дос-Мұқасан», Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Светлана Айтбаева, Тамара Асар, Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева, Мөлдір Әуелбекова және тағы басқа өнер жұлдыздары мен музыкалық топтар бар. Бұған қоса, концертте өз өнерін «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі және «Saz&soul» вокалдық-аспаптық тобы, «Астана мюзикл» театрының әртістері ұсынады.

COVID19 вирусының таралуын алдын алу мақсатында мерекелік күндері көптеген іс-шаралар өткізілмейтіні және қоғамдық орындарда сақтық шаралары күшейтілгені мәлім. Осыған байланысты, концерттік жоба аясында отандық эстрада жұлдыздары бос уақытты қалай тиімді өткізу жөнінде көрермендерге кеңестерін жеткізді. Отандық артистер атап өткендей, қазақстандықтар осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, бос уақыттарын рухани даму, қосымша білім алу, тұлғалық өсу бағытында жұмсағаны абзал.

Алдыңғы ақпарат

Түркістанда «Диуани Хикмет» қолжазбасы жайлы дәріс өтті

Келесі ақпарат

Х А Б А Р Л А Н Д Ы Р У!