
«Ырыстың басы – қара қазан» дейтін қазақ халқы үшін «ошақ», «отбасы», «қазан» ұғымдары қашаннан киелі саналған. Қарапайым ас әзірлейтін құрал бола тұра, қазан – береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың, отбасы тұтастығының символы ретінде қастерленген. Қазаны оттан түспейтін шаңырақты жұрт ежелден қуатты, берекелі деп бағалаған.
Түркістан десек, көз алдымызға ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тайқазан елестейтіні сөзсіз. Сол құнды мұралардың бірі – Әмір Темірдің бұйрығымен құйылған, кесене ішінде сақталған әйгілі Тайқазан. Бүгінде музей қорында Тайқазаннан өзге, күнделікті тұрмыста қолданылған қазанның да бірнеше түрі сақтаулы. Солардың бірі – №3092 инвентарлық нөмірмен тіркелген қазан. Ә. Марғұлан атындағы Археология институты мамандарының зерттеуіне сүйенсек, бұл жәдігер шамамен ХVI–XVII ғасырларға тән. Пішіні жағынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанға ұқсас, екі тұтқасы мен қақпағы бар, мыстан құйылған. Ертеректе кесенеге зиярат етіп келгендер жергілікті шеберлерден осындай үлгідегі қазандарды кәдесый ретінде сатып алып отырған.
Көне таным бойынша, қазан – тоқшылық пен бейбіт өмірдің, молшылық пен ырыс-несібенің белгісі. Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тәрбиелік мәнін жоймаған. Сол себепті халқымыз қазанды себепсіз төңкермеген, сындырмаған. Қазанның сынуы – отбасының ойрандалуы, ал оны төңкеру – аштық пен жоқшылықтың белгісі деп есептелген.
Қара қазанның киелілігі жайдан-жай айтылмаған. Бұрындары сәбиге тіл-көз тиді дегенде, қазанның құлағынан қара күйе алып, баланы ұшықтаған. Сондай-ақ, баланың алғашқы тісі шыққанда таңдайына күйе жағу да кең таралған ырымдардың бірі.
«Қазан шайқалса – ырыс шамданады» деген халық даналығының астарында терең мән жатыр. Бұл сөз арқылы халқымыз ырыстың қадірін түсініп, ысырапшылдыққа жол бермеуге, берекені сақтау жолында сабыр мен сыйластықты алға қоюға үндеген. Сондықтан қазан тек тұрмыстық бұйым ғана емес, халқымыздың рухани-мәдени өмірінде айрықша орын алатын қасиетті мұра ретінде кейінгі ұрпаққа аманат етілуі тиіс.
А. Батталова, қор сақтаушы