Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды

Бүгін Мәскеуде ХШЖК-де ашылған «Қазақстан» павильонының жанында Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндерінің басталуына орай мерекелік бағдарлама өтті.

Ресей астанасының тұрғындары мен қонақтары Мәскеу қаласының күні тойында қазақстандық өнер шеберлерінің өнерін тамашалады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров пен саусағынан бал тамған домбырашы, халықаралық конкурстардың лауреаты Абылай Тілепбергенов «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен қазақ және орыс әуендерінен попурри орындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисті Нұрлан Бекмұхамбетов орыс қызы Мария мен Дударайдың махаббат тарихын баяндайтын «Дударай» әнін сыйға тартты.

«Ұлы Даланың бұлбұлдары» композициясын Ресей мен Қазақстанда танымал опера әншісі Салтанат Ахметова Айзада Капонова мен Анастасия Кожухаровамен триода орындады. Қазақстанның нағыз бұлбұлдары шырқаған бұл әнге қолсоғушылар көп болды.

Мерекелік концертті «Астана опера» театрының балет труппасы Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан «Қарлығаш» композициясымен жалғастырды.

Алдыңғы толқын ағаларға қазақстандық жас орындаушылары да қолдау көрсетті. «Голос. Дети 2018» телешоуының жеңімпазы Данелия Тулешова француздық «Jevoux» әнін шырқады.

«The Jigits» тобы Байғали Серкебаевтың жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде ән айтты. Бір кездері Батырхан Шүкенов орындаған, халық әніне айналып кеткен «Солдат любви» және «Күндер-ай» әнін қалың көрермен жаңа буынның орындауында тыңдады.

Динайя «The Jigits» тобымен шығармашылық дуэтте орындаған «Дорогие мои москвичи» әні көрермендерді тәнті етті. Әртістердің өнеріне қалың көрермен қол соқты.
Халықаралық конкурстардың лауреаты «ElDivas» тобы өнерсүйер қауымға «Менің Қазақстаным», «Ақ Орда» және «Голос» сынды үш ән сыйлады.

Бағдарламаның соңында концертте өнер көрсеткен барлық қатысушылар «Песня остается с человеком» атты әйгілі композицияны шырқады.

Концерттік бағдарламаны Әділет Рахымбаев, Анна Данченко, Кирилл Мейстер жүргізді.

Айта кетейік, бүгін басталған мәдени іс -шаралар 11 қыркүйекке дейін жалғасады.

Алдыңғы ақпарат

Мәскеу қаласында Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндерінің ашылуына байланысты ТАСС Баспасөз орталығында баспасөз-конференциясы өтті

Келесі ақпарат

Туристерге қызмет көрсету үшін «Сапар орталықтары» салынады