Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік музейлерді аралады

18 мамыр — халықаралық музейлер мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік музейлерді аралады.

Алдымен вице-министр Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінің қызметімен танысты. Кездесуге Әскери-тарихи музей бастығы Н.Т. Асилов және музейдің Ғылыми-зерттеу қызметінің бастығыА.К. Бимолдина, Ұйымдастыру қызметінің бастығы Е.А. Анғалиев және т.б. қызметкерлер қатысты.

Нұрғиса Мұратұлы отандық музейлердің ұлтымыздың мәдени және тарихи мұрасын сақтаудағы рөліне тоқтай отырып, музейлерсіз қоғамның интеллектуалдық, мәдени, білім беру деңгейін көтеру мүмкін еместігін атап өтті.

Вице-министр бүгінде мемлекет тарапынан еліміздегі мемлекеттік музейлер мен олардың қызметкерлеріне қолдау көрсетіліп келе жатқанын, және бұл үрдіс әрі қарай жалғасатынын айтты.

«Министрліктің қолдауымен 2018 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Рухани қазына» республикалық фестивалі. 2018-2019 жылдары аталмыш фестивальге еліміздің барлық аймағынан 150-ден астам музей ұйымдары мен қызметкерлері қатысқан. Биыл дәстүрлі Фестиваль музей қызметкерлеріне жаңа бағдарламаларды ұсынуды көздеп отыр»,-деді ол.

Әлемді жайлаған короновирус пандемиясына байланысты қазір музейлер келушілерге қызметті онлайн режимде ұсынып отыр. Бүгінгі «Музей түні» акциясы соның дәлелі. Қазіргі таңда «Музей түні» акциясы еліміздің барлық өңірлерін қамтыған.

Нұрғиса Дәуешов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі ұжымын халықаралық музей күнімен құттықтап, ұйым қызметіне шығармашылық табыс тіледі.

Бұдан соң ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі мерекеге орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Сәкен Сейфуллин мұражайының қызметімен танысты. Мәдени ғимаратта ол музей директоры, ақын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Тұрысбекұлы Айтпен музей директорының орынбасары Қарлығаш Бекқалиқызы Жұмахановамен сұхбаттасып, ұйымның қызметі мен алдағы жоспары жөнінде әңгімелесті.

Алдыңғы ақпарат

«Ер қаруы — бес қару» онлайн көрме

Келесі ақпарат

Үкаша ата кесенесіне сапар