«Астана Балет» тұңғыш рет төл спектакльдерінің жазбасын онлайн көрсетеді

«Астана Балет» театры Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен спектакльдердің онлайн-трансляциясын жалғастырады. Бұл жолы астаналық театр ұжымы төл туындылары – «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «Жусан» бір актілі балетінің жазбасын көрермендерге тұңғыш рет ұсынбақшы.

Спектакльдердің онлайн-көрсетілімі алдағы қос мереке – Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 75 жылдығына орайластырылып отыр.

«Онлайн-көрсетілімге нақ осы спектакльдердің таңдалуы кездейсоқ емес. «Ұлы Дала мұрасы» — қазақстандық балетмейстерлердің үздік туындыларының жинағы, ұлттық хореографияның жаңа келбеті. Мұнда біздің салт-дәстүріміз, халқымыздың биік рухы мен бірегей мәдениетіміз көрініс тапқан. Алдағы осындай маңызды қос мерекеге орай, көрермендеріміз нақ осы бағдарламаны тамашалайтыны бізді де қуантып отыр», — дейді, театр қызметкерлері.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, қазақстандық хореограф Мукарам Авахридің «Жусан» бір актілі балетінің онлайн-трансляциясы ұсынылады. Аталған балет, отандық хореографиядағы ұлт тарихына арналған алғашқы туынды. Мұнда халқымыздың мызғымас рухы, өткенінің көлеңкелі және жарқын тұстары мен өмірлік қуаты жусан бейнесі арқылы суреттелген.

Дархан даламыздың осы символын өлеңіне арқау еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, кинорежиссер Бақыт Қайырбеков, аталған балеттің либреттосын да жазған болатын. Қазақ мәдениетінде жусан – Отан символы. Оның хош иісін Сарыарқаның кең даласында өзге ештеңемен шатастыра алмайсыз. Сол себепті, ол халық жадының символдық бейнесіне айналды.

Айта кетейік, 7 мамыр, сағат 20:00 «Астана Балет» Театрының ресми Youtube-арнасында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетіледі.

9 мамыр, сағат 20:00 – хореограф Мукарам Авахридің «Жусан» бір актілі балеті.

Спектакльдер YouTube арнасынан «Премьералар» форматында көрсетіледі. Платформадан спектакльдің басталуы туралы хабарлама алу үшін «Астана Балет» театрының ресми арнасына жазылу керек.

Алдыңғы ақпарат

Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өткен Мәдениет министрлерінің онлайн кездесуіне қатысты (видео)

Келесі ақпарат

Министр төтенше жағдай кезінде онлайнда өткізіліп жатқан мәдени іс-шаралар туралы баяндады (видео)