«АЛТЫН ОРДАНЫҢ БИЛІК ИНСТИТУТТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЭТНОСАЯСИ ПРОЦЕСТЕР» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Бейсенбай Кенжебаев атындағы түрік халықтары музейінің ұйымдастыруымен «АЛТЫН ОРДАНЫҢ БИЛІК ИНСТИТУТТАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЭТНОСАЯСИ ПРОЦЕСТЕР» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы Зікірия Жандарбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, педагогика ғылымдарының магистрі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбек сынды елімізге белгілі және шетелдік тарихшылар мен ғалымдар, қорық-музей қызметкерлері, болашақ тарихшы студенттер қатысты.

— «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін, сонымен қатар Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның саяси қайраткер ретіндегі мемлекеттік идеологиясының қалыптасуындағы маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керектігін атап өткені белгілі.

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған ғылыми шара төл тарихымызды зерттеп-зерделеуге тың серпін бере отырып, еліміздің рухани қазынасының толыға түсуіне өз үлесін қосады деп сенемін»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Конференция мақсаты — Алтын Орда мемлекетін қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретінде зерделеу, Алтын Орда мемлекеттіндегі билік институттарының қызметі мен маңызына талдау, Алтын Орданың беклербектерін Ұлы Даланың ұлы тұлғалары ретінде тану және таныту, Алтын Орда руханиятындағы Қожа Ахмет Ясауи ілімінің маңызы.

Алдыңғы ақпарат

«Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде құрылған комиссиясының алғашқы отырысы өтті

Келесі ақпарат

Түркістанға «Ақын» көркем фильмінің түсірілім тобы келді