2022 жылдың 27 тамыз күні Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Кітапхана бөлмесінде «Өмірі өнегелі Өзбекәлі» атты көрме ашылды.
Көрме экспозициясына 60-тан астам жәдігерліктер қойылды. Өзбекәлі Жәнібековтің тұтынған заттары мен киімдері, «Адырна», «Шертер», «Сазген» фольклорлық ансамбль өкілдеріне тапсырыспен ұлттық нақышта тіктірген киімдері, наурыз мейрамы қарсаңында немересі Әзел Бауыржанқызына тіктірген көйлегі, қолжазба мақалалары, музей-қорықтың қорына 1978 жылы халық арасынан жинап өткізген Шұғыла кілемі, ХХ ғасырдың басында ою-өрнектеліп жасалған кітап сөресі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің әр бөлмесіне қатысты жасаған тақырыптық экспозициялық жоспары, өзінің жеке қолы қойылған кітаптары, тұтынған заттары мен құнды фотосуреттері көпшілікке ұсынылды.
Көрменің мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік қасиеттерін, ұлтжандылығын, даналығын, көрегендігін, рухани, мәдени мұрамызға деген жанашырлығын жас жеткіншектерге насихаттау.
Көрменің ашылу салтанатына Өзбекәлі Жәнібековтің келіні Г.Жұмасейітова, немересі Ә.Бауыржанұлы, шөбересі Д.Мусина, ғалым Қ.Ергөбек, өзбекәлітанушы Б.Адырбек, А.Абанқызы, қызметтес болған жақындары, қала ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуында сөз алған музей-қорық директоры М.Садықбеков: Ө.Жәнібековке арналған көрме 2009 жылы Қ.А.Ясауи кесенесінің Құжыра бөлмесінде ашылғандығын, содан бері игі бастама жалғасын тауып келе жатқандығын айта келіп, алдағы уақытта Ө.Жәнібековке жеке музей ашу қажеттігі жөнінде ой толғады. Өзекең мұраларының бүгінгі қоғам үшін алар орнының айрықша екендігіне тоқталды…
Өзбекәлітанушы-ғалым. Б.Адырбек, А.Абанқызы, Б.Өзбекәліұлына музей атынан алғыс хаттар табыстады.
Ашылуы салтанатында сөз алған Өзбекәлі Жәнібековтің келіні Г.Жұмасейітова, немересі Ә.Бауыржанұлы, шөбересі Д.Мусина көрме жұмысына сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғасын жеткізді.
Ғалым Қ.Ергөбек Ө.Жәнібеков жайында ұзағынан сөз қозғады. Ө.Жәнібековтің қайраткерлігі, мәдени мұраларға жасаған қамқорлығы, қарпайымдылығы мен іскерлігі халықтың мәңгі жадында екендігін жеткізді.
Көрме 2022 жылдың 27 қыркүйегіне дейін бір ай келушілерге қызмет көрсетеді.