Археологиялық қазбадан табылған олжалардың ішіндегі пішіні мен көрінісі ерекше көзге түсетін, ортағасырлық әдеби ескерткіштерінің материалдарында жиі кездесетін, екі ғасырға жуық уақыт бойы зерттеушілер пайдалануы туралы әр түрлі нұсқаны айтқандарымен әлі күнге дейін бір тоқтамға келе алмай жүрген ыдыс-сфероконустар жайлы мақаланы ұсынамыз.
Мұндай ыдыстарды бір қарағаннан ақ, танып ажыратып алуға болады. Олардың қабырғасы қалың, мойны жіңішке, аузының тесігі тар болуымен бірге, барлық сфероконустарға тән олардың түптерінің конус тәрізденуі және өздігінен тік тұра алмай бір бүйірімен жататындығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге, аузының тесіктерінің диаметрлері өте тар болуынан ішіне құйылған сұйықтық оңайлықпен төгіле қоймайды.
Кейбір деректерде сфероконустарды балшықтан, шыныдан, фоянстан, қоладан және қорғасыннан жасауға болатындығы айтылған.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында сфероконустардың күйдірілген балшықтан жасалған 20-ға тарта түрі бар, оның 9 данасы жартылай сынық түрінде сақталған. Олардың мерзімделулері — ХІІ-ХІІІ ғғ тән. Қоңыр-сұр түсті болып қыштан бүйірі домалана, жарты шар тәрізденіп, түбі созылыңқы болып жасалған бұл ыдыстардың өлшемдері де бір-біріне шамалас болып келген. Биіктігі — 14-16-см., ернеуінің диаметрі -1 см. тең. Олардың сырты жолақтармен айналдыра сызылып безендірілген. Жалпы музей қорындағы сфероконустардың барлығының иық тұстары домалақ, аузы жіңішке және ұзын, бас жағы аузы саңырауқұлаққа ұқсас болып, сыртына өрнектер жолақтар және саусақпен бірнеше рет басу арқылы түсірілген. Сонымен бірге, түстері ақшыл-сұр болып келген түрлері де бар, бірақ олар сынық күйінде. Жалпы қазбалардан (Тараз, Отырар, Түркістан т.б) табылған ыдыстардың барлығының иықтары шар (сфера) тəрізді болып келіп, түбі сүйірленіп конусқа ұқсап келген. Аталуының өзі де осы тұстан шыққандықтан, яғни сфера мен конустың қосындысынан туындаған ыдыс екендігі белгілі.
Ауызындағы саңлауының тарлығына қарасаңыз, сұйықтық құятын ыдыс екенін бірден байқауға болады. Олардың барлығы дерлік қыштан құйылып, өте жоғары температурада күйдірілген. Бұл ыдыстың түбінің сүйірлігіне байланысты басқа ыдыстар секілді кез келген жерге қоя алмаймыз.
Деректерге көз жүгіртер болсақ, ең алғаш рет сфероконустар туралы француздық зерттеушілердің бірі Вивон Денон 1802 ж. Европаға жасаған саяхаты туралы жазған күнделігінде осы ыдыстардың суреттерін салып қалдырған болса, кейбір ғалымдар оны бүгінгі күнгі «гранатаның» арғы атасы деп те атапты. Бірақ, бұл жəдігерлердің қолданылуы тіптен басқа болатындығын зерттеуші ғалымдардың пікірлерін назарға алсақ, археолог Б.В.Луниннің айтуынша, бұл ыдыстың сфероконус деп аталатынын ыдыстар «симаб—кузаче», «симаб»-күміс су, яғни сынап десе, ал «кузаче» балшықтан жасалған ыдыс дегенді білдіреді деген. Парсыша «симаб—кузаче» деп аталған бұл ыдыстарға сынап ертіндісін құйып ХІІғ. пайдаланғаны туралы археолог Г.А.Джидди өз еңбегінде айтқан. М.Е.Массон Фергананың «Сох» деген тұрағынан 1920 ж. үш түрлі сфероконусты ішінде сұйықтықтарымен табылғандығын және М.Е.Массон мен В.Горячев бұл ыдыстарды сынап сақтауға арналғандығын айта келіп, сол себепті де бүгінгі күндері қазақтар «сынапкөзе» деп атайтындығына тоқталған. Тағы басқа да пікірлер бойынша, сфероконус деп аталған ыдыстарды әр түрлі нәрсеге қолданылғандығы белгілі. Мәселен: ортағасырлық жазба деректерде, атап айтқанда Махмуд Қашқари еңбектерінде сұйық заттарды сақтайтын ыдысты «кіz» деп атағандығы айтылған. Бұл дегеніміз «мускус» сақтауға арналған. «Мускус» деп отырғанымыз бұл жерде «jipar”, яғни — жұпар. Жұпар жағымды иісі. Қазіргі кезде де, ортағасырларда «Мускус» деген сөзді қазақшаға аударғанда «жағымды иісі», «хош иісті су» деп аударылады. Дегенмен, «жағымды иіс» сулардың барлығы сфероконустарда сақталсын дегенді білдірмейді. Әйтседе «кіз» сұйықтық құйып тасымалдауға пайдаланған деп түсінуге болады. Сондай-ақ, тар алқымды болып келген ыдыс «jasiman» деп аталатын ыдыс түрі де бар. Оны қандай мақсатқа пайдаланғаны белгісіз. Әйтседе, бұл ыдыстың да алқымы сфероконустар тәрізді тар болып келген. Біріншіден олар әдемі болып жасалынуымен қатар, оларға өте жақсы жағымды иісті сұйықтық құйылғаны байқалады. Екіншіден оның жасалуындағы қысқа және тар ауызына қарап бірден түсінуге болады олар сұйықтықтарды өздерімен бірге тасымалдауға пайдаланған тәрізді. Өйткені ыдыстың алқымы өте тар жіңішке болып, иығы домаланып, түбі сүйірленіп қатты болып жасалынуы, қақпақпен жауып сұйықтықтарды өздерімен бірге құйып алып жүруге ыңғайландырып жасалынған деп айтуға болады. Әйтседе де, қазбалар барысында сфероконустардың ешқандай қақпақтарының табылмауы, оларды ағаштан жасаған болуы керек деген жорамалдарға жетелейді. Қайткен күнде де, сфероконустарды алқымынан байлап іліп, сұйықтық тасуға арналғанын түбіне түсірілген сызықтардан да, аңғаруға болады.
Археологиялық қазбалардан ІХ-ХІV ғғ. ыдыстың осы түрлері көптеп жасалғандығын көреміз. Олар алғаш рет Мысырда, Жерорта теңізі жағалауында, Таяу Шығыс, Кавказ, Қырым мен Поволжеден табылғанымен, оларды дайындап шығару мен таратушы Орта Азия болыпты.
Сфероконустарды жасау туралы зерттеуші З.Б.Галиева қыш өндірісі жоғары дамыған Орта Азиялық шеберлердің қыш өндірісіндегі сәтті өнертабысқа қол жеткізгендігінің айғағы деп тұжырымдайды.
Өткен ғасырларда сфероконустарды сынап сұранысының көбеюінен және онша сына қоймайтын беріктігіне байланысты арнайы жасалуымен бірге, оларды әмбебап сапасына қарай пайдалануға қажеттілігі туындайтын химия, медицина, парфюмерия және тұрмыстық жағдайларға пайдаланған.
Әшіркүл ЕГЕУБАЕВА