Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «2022 жыл — Балалар жылы» деп жариялауына байланысты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Түркістан қаласы және Сауран аудандарында көшпелі көрмелер өткізуді бастап кетті. Үстіміздегі жылдың 22-23 ақпан күндері Сауран ауданы, Үшқайық ауыл округінде А.Үсенов атындағы орта мектебінде және Шорнақ жалпы орта мектебінде «Қасиетті Түркістан» тақырыбында жылжымалы тақырыптық көрмесі өтті.
Көрме экспозициясына Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұралары – «Диуани хикмет» кітабының қолжазба, баспа нұсқалары, кесенесінің макеті, сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ортағасырлық ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы) көшірмелері және ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері, 1871-1872 жж. жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері — Тайқазан, Лауһа (тудың ұшы), Шырағдандар, Есіктер фотолоры, Түркістан өңіріндегі тарихи-рухани орындардың фотосуреттері қойылып, оқушылар мен мұғалімдерге таныстырылды. Көшпелі көрме алдағы уақытта да қала мектептерінде жалғасын табады.