Саңғыл би кесенесі Созақ сахарасындағы Басбұлақ ауылының іргесіндегі жотада, Қозмолдақ мекенінің шығыс беткейінде тұр. Дүние дүрбелеңінде Саңғыл би Жошы ханның қасына ерген деген сөз кең тараған.
Моңғол-түрік тайпаларының қоныстары қатарлас, малы аралас жатқан елдер болатын. Әйткенмен, олар ғасырлар бойы бір-бірімен жауласып, қырықпышақ болып келді. Міне, сондай аласапыран кезеңде тарих сахнасына Шыңғыс хан шықты. Ол меркіт, татар, тайшуыт, керей, жалайыр, қоңырат, найман, тағы басқа да тайпалардың басын біріктірді. Осылай қуатты хандық дүниеге келді. Қоңыраттар мен тайшуыттар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес әрі ниеттес тайпалар еді. Темужин төңірегіндегі ірі рулар біріккен соң шешесі Уәлін мен әйелі Бөртенің жұртына елші жібереді. Қайын атасы Тай шешен алысты болжай білетін жан еді. Ол әрі-бері сарсаңға салмай-ақ қол астындағы елімен Шыңғыс хан әскеріне келіп қосылды.
1206 жылы Шыңғыс хан Ұлы Құрылтай шақырды. Осы кезде жалындаған Саңғыл би суырылып алға шықты. Ол небәрі 25 жаста еді. Өжет те алғыр Саңғыл би өз билігіндегі жұртын бастап келді. Осы Ұлы жиынға Майқы би 19 биді бастап келген деседі. Тарихта таңбаланып қалған осы Құрылтайда Шыңғысты ақ киізге отырғызып, ұлы қаған етіп сайлайды.
Тарихқа жүгінсек, Ұлы Құрылтай бірнеше күнге созылған. Ұлы қаған осы кеңесте тайпа көсемдеріне, беделді билерге, өзіне адал қызмет көрсеткен қолбасшыларына, сенімді серіктеріне атақ, дәреже, таңба үлестіреді. Сонда Саңғыл биге: «Ұраның – Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң – ай болсын» деп тілек білдірген.
Аталмыш алқалы басқосуда Шыңғыс хан «Жосы» деген Жарғы жариялайды. Осы Жарғының негізгі тауарларын жазуға Майқы би мен Саңғыл би қатысыпты деген де әңгімелер айтылады.
Құрылтайдан соң Шыңғыс хан Хорезмге жорыққа аттанады. Сонда Саңғыл би үш мың жасақ ертіп Шыңғыс ханға ілеседі. Ұлы қаған мұнан соң Қытайға аттанады. Бұл кезде қаған оны Сырдың бойындағы Жошы ұлысына қоныстандырады. Қаратаудың теріскейіне қоңыраттар осылай келген дейді көне аңыздардың бірі.